Халықты әлеуметтік бағдарланған саудамен қамтуды кеңейту мақсатында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) қаланың Алмалы ауданында екінші демалыс күнгі жәрмеңкені іске қосты.
Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жаңа сауда алаңы Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан және әр сенбі мен жексенбі күні сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жәрмеңке аумағында 30 сауда орны бар. Мұнда отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынады. Сатып алушыларға жаңа піскен көкөністер, ет және сүт өнімдері, бал, құс еті, жұмыртқа және басқа да азық-түлік тауарлары сатылады.
Қазіргі таңда демалыс күнгі жәрмеңкелер Алматының келесі аудандарында ұйымдастырылған:
-
Алмалы ауданы – Масанчи көшесі (Гоголь және Әйтеке би көшелерінің арасында);
-
Бостандық ауданы – Қазақфильм шағынауданы, Исиналиев көшесі;
-
Әуезов ауданы – Өтеген батыр көшесі, Абай даңғылынан төмен;
-
Медеу ауданы – Меңдіқұлов бульвары, Бектұров көшесінің қиылысы;
-
Жетісу ауданы – Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.
Орта есеппен бір демалыс күндері жәрмеңкелерде 800 тоннадан астам өнім сатылады, ал келушілер саны 50 мың адамнан асады.
