Әли Бөкейхан Сүрер — Германияда туып-өскен қазақ. Әке-шешесі балаларының тілін қазақша шығарған. Алайда Бөкейхан уақыт өте келе қазақ тілін ұмыта бастапты. 2022 жылы ғана Германиядан Абай туған өлкеге саяхаттап келіп, қазақ тілін қайта үйренуге ден қойған. Қазір қазақшаға судай. Жақында Қызылорданың Сымбат деген қызына үйленді. Өзі Германияда тұрады. Бөкейханнан әулеті қалай Германия асқанынан бастап, қазіргі тіршілік жайына дейін сұрадық.
Әли Бөкейханның әулеті Германиядан қалай бір-ақ шыққан?
Бөкейханның арғы аталары Алтай тауы баурайынан Қытайдың Бархол деген қаласына көшкен. Қытайда арғы атасы Құсман қажы туыпты. Осы атасына Қытай билігінен «мал-мүлікті, жерді тартып аламыз, бермесе, өлтіруге рұқсат» деген қағаз келген.
Содан Құсман атамыз туыстарына «бұл елден көшеміз, маған еретіндерің, жүріңдер» дейді. Туыс-туған мал-мүлкін жиып, Пәкістанға бет алады. Жолда көбі қаза болыпты. Тибеттің шекарасынан өтерде Қытайдан «өткізбеңдер» деген бұйрық түскен. Біздікілерге мылтық атқан. Аман қалғаны Үндістанның шекарасына жеткен. Бұл 50-жылдар еді. Ол кезде Британ билігі Үндістаннан кетіп, мемлекет Үндістан және Пәкістан болып бөлінген. Үндістан шекарасындағылар біздің аталарымызды мұсылман деп еліне кіргізбеген. Сонда Пәкістанның шекарасындағылар «мұсылман болса, біз кіргіземіз» деген. Сөйтіп, арғы атам Исламабадқа қоныстанған, — дейді Әли Бөкейхан.
Құсман қажы мен оған еріп келгендерге Пәкістанның климаты жақпаған. Су да лас. Олар шетінен қайтыс бола бастаған. Содан Құсман қажы Түркияға өздерін қабылдауды сұрап, хат жазған. Ол кезде Түркияның ішкі саясаты тұрақсыз еді. Құсман қажы хаттың жауабын 12 жыл күтіп, әйтеуір Түркияға аттанған.

Түркия үкіметі Пәкістаннан барған қазақ халқын үш жерге қоныстандырды: Анкараға, Ыстамбұлға және Манисаға. Түріктер бізге өзінің тегін берді. Сөйтіп, менің тегім Сүрер болып шыға келді. Ал негізі атамның аты — Дәулетхан. Әкем Сәлемет Әли патриот. Содан да атымды Әли Бөкейхан деп қазақша қойған, — дейді өзі.
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Германияның экономикасын көтеретін адамдар керек болып, олар басқа елдердің газетіне хабарландыру берген. Соны Бөкейханның әжесі мен оның құрбысы көріпті. Екеуі тәуекел деп Германияға аттанып, Галенберг деген жерге тоқтаған.
Әжем 1970-жылдары Германияға көшіп барса керек. Ауруханда медбике болып істеген. Екі жылдан соң артынан атам барған. 1980 жылы Ыстамбұлда әке-шешем шаңырақ көтерген еді. Бір жылдан соң олар да көшіп барған. Әке-шешем 13 жыл бала күткен. Кейін Түркістанға барып, дұға еткен. Сөйтіп 1993 жылы Рәбия деген апатайым екеуіміз дүниеге келдік. Егізбіз. Сосын Шағатай, Құбылай деген інілерім бар, — дейді Бөкейхан.
Бөкейханның отбасы Германияда саудамен айналысқан. Түркиядан теріден тіккен киім алып, оны Германияда сатқан. Ал Қазақстан егемендік алған соң, Қазақстанға Германиядан зат тасыған.
Бөкейханның тілі қалай қазақша шыққан?
Әкем де, шешем де сұмдық патриот. Содан болар, шетелде тусақ та, тіліміз қазақша шықты. Германиядағы пәтеріміздің ішіндегі заттың бәрі қазақы болатын. Домбыра мен қамшы көріп өстік. Әке-шешем туғаннан миымызға «біз — қазақпыз» дегенді құйды. Бала-бақшаға барғанда немісше бір ауыз сөз білмедік. Тәрбиешілер ата-анамызға «бұлай болмайды, Германияда тұрып, немісше білмегені қалай?» деді. Содан үйде неміс тілін оқи бастадық, — дейді өзі.
Бұдан кейін Бөкейхан немісше және түрікше сөйлейтін болған. Өйткені бар туысы Түркияда тұрады. Онда мереке сайын барып тұрыпты.

Шынымды айтсам, кейін қазақ тілін ұмытып қалдық, бірақ түсінетінбіз. Үш жыл бұрын «Отандастар» қорымен Семейге барып, Абай жолымен жүріп қайттым. Сол кезде тіл үйренбесем, Қазақстан есігінен кіре алмайтынымды түсіндім. Қазақ тілін үйрену үшін кирилл қарпін үйрендім. Оқулықтар сатып алып, мұғалім жалдадым, — дейді ол.
«Германияда немісше сайрап тұрсам да, неміс бола алмадым»
Бөкейханға Қазақстан дамып жатқан ел екенін біліп таңғалған.
Қазақстанның цифрлық жағы жылдам дамып кетіпті. Германияда әлі күнге дейін бюрократия күшті. Бір құжаттың соңында апталап жүресің. Сосын мұндағы дәмханалар мен мейрамханалар сондай әдемі әрі тамағы дәмді. Мысалы, Германияда үйде ет қуырып, соған күріш қосқанды палау дейміз. Ал мұндағы шын палаудың дәмі тіл үйіреді, — дейді Бөкейхан.
Оған өз халқы да қатты ұнапты. Халық мейірімді, ашық жарқын деп отыр.
Көшеде толған қазақ. Сонда бұл менің жерім деп ойладым. Германияда немісше сайрап тұрсам да, неміс болып кете алмадым. Маған «түрің басқа, неміс емессің» дейтін.
Бөкейхан Қызылорданың қызын қалай кезіктірген?
Бөкейхан содан бері елге бірнеше рет келіп-кетіп жүріпті. Ең ұзақ тұрақтағаны — 2024 жыл. Ықтияр хат алып, Алматыда бес ай тұрған. Себеп — Қызылорданың Сымбат деген аруы.

Әке-шешем бала күнімнен қазақ қызға үйлен дейтін. Жас кезімде ол кісілердің айтқанын түсінбеппін. Ер жетіп, есім кірген соң өзім де қазаққа үйленем деп шештім. Сымбатпен әлеуметтік желіде таныстым. Желіде сөйлесіп жүргенде «шын ниетің болса ғана кездесейік» деген шарт қойды. Ниетім түзу еді. Ақыры үйленетін болдық, — дейді Бөкейхан.
Оның айтуынша, «қазақ қызға үйленетін болдым» дегенде ата-анасы қатты қуаныпты. Туыстары Германия мен Түркияда тұрса да, тойды Қазақстанда жасаған. Өйткені туыстары Қазастанды араласын, қазақтың тойын көрсін депті.
Бөкейхан немен айналысады?
Бизнес заңгерін бітіргенмін. Германияның бір компаниясында құпиялық туралы заңмен айналысамын. Оған қоса, Қазақстан құрамасы атынан регбиге (футболға жататын командалық ойын — ред) қатысамын, — дейді Бөкейхан.
Оған анасы мен әпкесі келбетің сәнқойға келеді деп талай айтқан. Алайда Бөкейхан мұны елемепті. Қазақстанда танысқан адамдардан да осы сөзді естіген. Содан фотокастиңдерге бара бастаған. Қазір бірнеше бренд киімінің жарнамасына түсіп жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазан айында Fashion Week кастиңіне барып көрдім. Бойым сәнқойлардың бойына сай келе қоймаса да, дизайнерлер 200-ге жуық жігіттің арасынан мені таңдап алды. Дегенмен әрі қарай жұмыс істеуге қолым тие ме, көрерміз. Өйткені әкем екеуіміз жаңа Алатау қаласын салуға Германиядан, Түркиядан инвесторлар тартпақпыз. Соған көңіл бөлуім керек, — дейді ол.
Қазақстан мен Германияның айырмасы қандай?
Қазақ жастарының бәрі дерлік ЖОО бітірген. Өте ақылды әрі сұмдық еңбекқор. Германияның жастары жұмыс уақыты біте сала, офистен шығып кетеді. Ал мұнда жұмыстың шаруасы шығып қалса, түнде хабарлассаң да, көмектесіп жібереді, — дейді Бөкейхан.
Ол Қазақстанның проблемасын да байқаған.
Халық көп жұмыс істегенімен, айлығы аз. Пәтерді жалға алу ақысы айлыққа шаққанда қымбат. Оның үстіне, Алматының кептелісі уақыт ұрлап қояды. Дегенмен Алматы — әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі. Көп ел, қала көрдім, сөзіме сеніңіз.
Бөкейханның айтуынша, қазір Германияда босқын қаптап кеткендіктен, ел бұрынғыдай қауіпсіз болмай бара жатыр.
Көшеде балағат сөз айтып, ішіп, төбелесетіндер көбейді. Ал Қазақстанда көшеде ішіп жүрген адам көрмедім. Ішсе, бір мекеменің ішіне кіріп ішетін шығар. Үлкенді «сіз» деп сыйлайды екен. Автобуста, метрода жасы үлкен кісі мен әйел адамға орын береді. Сосын қазақ халқы ашық-жарқын ғой, күлімдеп сөйлейді. Соның арқасында қанша жаңа адаммен танысып, Қазақстанда досым көбейді, — дейді өзі.

Бөкейхан мен Сымбат Қазақстандағы жобалары сәтін салса, елге біржола көшіп келуге даяр. Осында өсіп-өнсек дейді.
