Алматыда 93 шақырым жарық желісі салынып жатыр

Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту бағдарламасы жалғасып келеді. Бұл туралы Алатау ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қаладағы Алатау ауданында бұрын жарықпен толық қамтылмаған көшелер мен аумақтарда жарық желілерін қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.

2024 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттама 255 аумақты қамтиды. Олардың қатарында көшелер, өткелдер мен аулалар бар. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары Боралдай, Мәдениет, Өжет, Теректі, Шапағат, Дархан–Байбесік, Алтын-алма, Томирис, Қарасу, Әйгерім-1,2, Шаңырақ-1,2, Ұлжан-1,2, Ақбұлақ, Зерделі, Самғау және Көкқайнар шағынаудандарында жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Бүгінде 2 870 жарық бағаны мен 3 390 жарық нүктесі орнатылған. Жалпы жоба бойынша 2 900 баған мен 3 550 шам орнатылып, жарық желілерінің ұзындығы 93 шақырымға дейін жетеді деп жоспарланған.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Жоба толық іске асқаннан кейін Алатау ауданы 100% жарықтандырылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да