ЖИ дәуірінде баланы суицидтен қалай қорғаймыз?

Суицидті болдырмау тек отбасы деңгейінде емес, бүкіл қоғам мен ақпарат, технология кеңістігінде этикалық жауапкершілікті арттырудан басталады. Балалар психологы Әсем Ілесбай «Баладан суицидке қатысты сұрақ келіп түскенде SOS-қызмет жұмыс істегені құба-құп» дейді.

Суицид бір сәттік шешім емес. Бұл — баланың психикасындағы процестердің жүйелі түрде шаршағаны, ішкі ресурс таусылғаны белгісі. Психолог Әсем Ілесбайдың айтуынша, мұндай жағдай тіпті үлгілі отбасында да болуы мүмкін.

Бала мектепте белсенді болып, одан күйзеліс нышаны байқалмауы мүмкін. Алайда ондай бала да суицидке баруы мүмкін. Себебі қорғаныс механизмдері тұрақсыз немесе әлсіз болса, бұл қадамнан сақтануы қиын болуы ықтимал. Ата-ана баланың эмоциясынан қашпауы керек. Оның сезімін қабылдап, бірге өткеруі қажет. Ата-ана көмектесе алмаса, маманға жүгінсін, бұл — жауапкершілік, – дейді Әсем Ілесбай.

Психолог ақпарат дәуіріндегі этикалық нормалар да маңызды екенін айтып өтті.

Әсем Ілесбай
Әсем Ілесбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

ДДСҰ белгілеген этика процестері бар. Олар уақыт өте келе күрделеніп, дамып отырады. Мысалы, ол қазір ChatGPT сияқты жасанды интеллектілерді қолдануға да қатысты болып отыр. Суицидке қатысты кез келген оқиғаны романтизациялауға, TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде суицид тақырыбын дәріптеуге болмайды. Әдістерді көрсетуге тыйым салынады, — дейді ол.

Оның айтуынша, Данияда болған бір жағдай – осының айғағы.

Оқушы бала ChatGPT-ден ешкімге білдірмей суицид жасау жолын сұраған. Ал жасанды интеллект жауап ұсынған. Осы оқиғадан кейін баланың ата-анасы ChatGPT-ді сотқа берді, компания бұл бағытты толық қайта қарап, ретке келтірді. Қазір жасанды интеллект ондай сұрақтарға жауап бермейді.

Психологтың пікірінше, осындай жағдайда жүйелі SOS-қызмет енгізу керек.

Бала суицид туралы сұраса, ата-анаға немесе мамандарға дабыл белгісімен хабарлама келетін жүйе жасалса, көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді, — дейді Әсем Ілесбай.

***

Тағы оқыңыз:

Суицидтік мінез-құлқы байқалған баланы қалай қолдау керек?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да