Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 2022 жылдан бастап ерекше дәстүр қалыптасқан. Мұнда ай сайын оқушылар мен мұғалімдер «Отбасымен оқимыз» кітап клубында бас қосып, балалар әдебиетіндегі шығармаларды оқып, талқылайды.
Клубтың жүргізуші-модераторы әрі белсенді қатысушысы – журналист, PhD ғылым докторы Саягүл Әлімбекова.
Клуб оқушыларды кітап оқуға баулу, отбасымен оқу мәдениетін қалыптастыру үшін құрылған. Кітапханада «Әкемен оқимыз» және «Әжемнің ертегісі» клубтары да бар. Клубтың атауы «Отбасымен оқимыз» болғанымен, кездесуге мұғалімдер мен оқушылар қатысады. Дегенмен балалар берілген шығарманы үйінде ата-анасымен бірге оқып, кітапханадағы талқылауға дайындалып келеді, — дейді Саягүл Әлімбекова.
Кездесу айына бір рет өтеді. Оқитын шығарма жұмыс жоспарына сай бекітіліп, алдын ала хабарланады. Клубқа кез келген адам кез келген уақытта мүше бола алады. Қазір айына шамамен 30 адам жиылады.

Мақсатым – әр баланы сөйлету, ойын еркін жеткізуге үйрету. Қазан айының соңында қатысушылар жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесін талқылады. Балалар шығармадан алған әсерін әдемі жеткізді. Өздерін автордың орнына қойып, оқиғаны түрліше өрбітіп көрді. Тіпті авторға хат жазып, неге мұндай шешім қабылдағанын сұрағандар да болды. Осындай еркін пікір алмасу балалардың әдебиетке қызығушылығын арттырады, — дейді клуб модераторы.

«Отбасымен оқимыз» клубы тек кітап талқылау алаңы емес, балалар шығармашылығын, ойлау қабілетін дамытатын, жазуға үйрететін рухани орта. Кітап клубына қатысқан оқушылар қазір республикалық газет-журналдарға шағын әңгіме, ертегі, комикс жазып, шығармасы басылым бетінде жарық көріп жүр.
