Тоқаев «Қорқыт ата» халықаралық әуежайына барды

Президенттің Қызылорда облысына сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан басталды.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, президент әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде ақпарат алған. Сонымен қатар Тоқаев жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтарын, шекаралық-кедендік бақылау пункттерін, күту залы, сонымен бірге автоматтандырылған жүк беру жүйесін көрген.

Айта кетейік, жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды.

Жергілікті бюджет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасау үшін 4,3 миллиард теңге бөлген. Енді әуежай жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушы қабылдай алады.

«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс ұшырады. Қазір терминалдың жанынан «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимарат салынып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да