Алматыдағы су айналымы, арықтар, Есентай өзені қаланың «қан тамыры» іспетті. Жаңбыр суы, тау суы арықты бойлай аққан сайын Алматының тынысы жеңілдей түсетіндей. Алайда кейінгі жылдары судың табиғи ағысы өзгеріп барады. Тіршілік көзі адамдардан ерекше қамқорлықты қажет етеді. Сол себепті Urban Water 2025 жобасы қала тұрғындарының суға көзқарасын қайта пайымдап, таразылауға шақырып отыр. Байқау ұйымдастырып, үздік шыққан эскизді қала көркіне – муралға айналдырды.
Алматыдағы жаңа мурал – бір қарағанда, қалаға сән қосқан көркем сурет. Ал мұқият назар салсаң, ойға орала бермейтін бір шындықты еске салады: судың да сұрауы бар.
2025 жылы Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры Tikkurila by PPG-мен бірлесіп, тұрғындардың қаладағы су мәдениеті мен климат өзгеріп жатқан заманда су сақтаудың тәсілдерін көбірек білуге мүмкіндік беретін жоба бастады. Бұл мурал – сол жобаның бір бөлігі. Жоба аясында байқау жарияланып, оған Алматы мен басқа қалалардың суретшілері мен шығармашылық топтары 12 эскиз жолдаған. Жұмыстарды Urban Forum Kazakhstan, Tikkurila by PPG, Almaty Creative — креатив индустрияны қолдау орталығының өкілдері және мурал салынатын аудан тұрғындары бағалады. Үздік шыққан мурал жай сурет емес, Алматыдағы су философиясы мен жауапкершілік мәдениетінің көрінісіне айналды.
Суды барынша баяу қолдану
Urban Forum Kazakhstan жетекшісі Әділ Нұрмақовтың айтуынша, Urban Water 2025 бағдарламасы – қоғамдық қордың қаладағы су мәселесіне қатысты жұмыстарының жалғасы. Былтыр ұйым экологтар, урбанистер, инженер-гидрологтар мен қала жоспарлаушылары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жобалар жүргізді. Қоғам назарын су тапшылығы мәселесіне аудару үшін ақпараттық науқан мен шетелдік маман қатысқан дизайн-лаборатория да өткізді. Нәтижесінде Алматы әкімдігі мен Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы жыл тақырыбы ретінде «Губка қала» тақырыбын таңдады.
Алматы сияқты суы таудан келетін әрі климаттық өзгеріске ұшыраған қала үшін концепциядан шыққан бұл тәсіл аса өзекті. «Губка қала» — суды бетон арналары арқылы айдап шығармай, оны қала тіршілігінің табиғи бөлігі ретінде сақтауға шақырады. Табиғи шешімдер арқылы жауын мен еріген қар суын сақтап, оны топырақ пен жасыл аймақтарды нәрлендіруге болатынын көрсетуді көздейді. Су Алматы өмірінің маңызды бөлігі болғанымен, ол қаладан тым жылдам шығып кетіп жатыр. Сондықтан Urban Water 2025 суды одақтас ретінде қабылдауға шақырады. Климаттық дағдарыс кезінде – қуаңшылық, аптап ыстық, сел мен жерасты суы азайған кезде суды ұстап қалуды үйрену қажет, — дейді Әділ Нұрмақов.
Осы идеяны жеткізу үшін мурал форматындағы жоба таңдалған, себебі бұл – қала тұрғындарымен тілдесудің ең қол жететін және әсерлі тәсілдедің бірі. Көшедегі өнер туындысы арнайы залды қажет етпейді, оған билет сатып алудың қажеті жоқ. Оны бәрі көреді – тұрғындар, өтіп бара жатқан адамдар, балалар. Муралдың визуал тілі ғылыми немесе инженерлік тұрғыдан күрделі көрінетін ойды эмоция деңгейінде сәтті жеткізе алады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, суды үнемдеу құбырлар мен тиімді технологиялармен ғана байланысты емес, ол мәдениет, дұрыс пайымдау мен қаланың көркем бейнесімен де астасуы керек. Қазылар алқасы суретшілер мен шығармашылық топтар жолдаған эскиздер арасынан Леонид Чиналиевтің Caring is cool деген жұмысын үздік деді. Мурал Есентай өзеніндегі бөгет маңында, әл-Фараби даңғылынан жоғарырақ жерде салынды.
Өнер тілімен айтылған экология мәселесі
Леонид су тапшылығы мәселесі бұрыннан алаңдататынын айтады. Ол осыған дейін де су ресурсына қатысты көркем өнер байқауларына қатысқан.
Леонид Чиналиев
Urban Water 2025 жеңімпазы
Мені экология тақырыбы жиі толғандырады. Urban Water 2025 жобасы туралы Instagram жарнамасынан байқадым. Сөйтіп байқауға қатысуға бел будым. Өйткені бұл тақырыпта жеткізгім келетін ой, көрсететін идеям бар еді, — дейді Леонид Чиналиев.
Суретші эскиз жасауға бір апта уақыт арнаған. Оның визуал баяндауы табиғат көрінісінен басталады: Алматыны қаумалаған Тянь-Шань шыршалары, тау мен қызғалдақтар және Есентай өзенінің бойынан өзі байқаған байғұтан.
Су – осының бәрінің негізі. Арық жүйесін өсімдік жапырағындағы су жүретін капиллярмен салыстырдым: жапырақты қоректендіретін тамыр сияқты арықт та қаланы нәрлендіреді. Оң жақтан сурет Алматыдағы сияқты оюлы балконы бар үйдің кескінімен аяқталады. Ол жартылай судан немесе көлеңкеден құралғандай әсер береді. Кесе ұстап тұрған қол, муралдағы барлық элемент табиғатты аялау идеясын жеткізеді. CARING IS COOL жазуы екі мағына береді: бір жағынан «қамқор болған керемет», екінші ағынан cool сөзі «салқын» деген мағына береді. Бұл құрғақ әрі ыстық климаттағы судың маңызын айқындайды, — деп түсіндірді суретші.
Муралдың түсі де ерекше: ашық әрі нәзік. Леонид бұл жұмысты «деконструцияланған комикс» деп сипаттайды – суреттер дара болғанымен, барлығы бірігіп біртұтас композицияға айналады.
Экологиялық бояулармен салынған мурал
Жобаға серіктес болған Tikkurila by PPG бренді муралды жасауға экологиялық бояу ұсынды. Компанияның бренд-менеджері Мөлдір Өтеген бұл жобаның философиясы өзінің өмірлік ұстанымымен үндес екенін айтады.
Мөлдір Өтеген
Tikkurila by PPG компаниясының бренд-менеджері
Бала күнімде «Судың да сұрауы бар» дегенді жиі еститінмін. Бұл – үйде суды қалай дұрыс пайдалануды үйрететін қарапайым, бірақ терең қағида. Жыл басында PPG әлеуметтік маңызы бар жобаларға грант бөлгенде елімізде су ресурсы өте өзекті болғандықтан осы бағытта жұмыс істейтін қор іздедік. Urban Water 2025 жобасы туралы білген сәтте қолдауымыз керек екенін түсіндік, — дейді Мөлдір Өтеген.
Tikkurila компаниясы муралды салу үшін Finngard Silicone Protect атты арнайы қасбет бояуын пайдаланды. Бұл – силикон негізіндегі экологиялық таза материал, ол судан қорғай отырып, булануға мүмкіндік береді. Бояу кірге, күн райы ықпалына және ультракүлгін сәулеге төзімді. Құрамында зиян еріткіштер жоқ және қатаң экологиялық стандарттарға сай.
Біз үшін экология – тек өнім сапасы емес, мәдени жауапкершілік. Өнер арқылы экология мәселесін жеткізу – үлкен мүмкіндік. Біздің ойымызша, бизнес — тек өндіріс құралы емес, қоғамға әсер ете алатын қуатты күш. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру – негізгі құндылықтарымыздың көрінісі. Ресурсымызды, тәжірибеміз бен бренд мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өмір мен денсаулықтың, болашақпен тікелей байланысты су тапшылығы сияқты өзекті мәселеге қоғам назарын аударуға тырысамыз, – дейді ол.
Оның айтуынша, суды саналы, дұрыс пайдалану – тұрмыстық әдет қана емес, ойлау мәдениеті.
Адамдар «Мен істейтін шамалы әрекет ештеңе өзгертпейді деп қателеседі. Бәрі санадан басталады. Осы тақырып қоғамда жиі қозғалып, талқыланса, нақты қадамдар пайда болады, — дейді Tikkurila өкілі.
Tikkurila компаниясы экологиялық және мәдени жобаларды үнемі қолдап келеді: көше өнері фестивальдері мен қаланы көгалдандыру бастамаларына қатысып, PPG Colorful Communities бағдарламасы аясында суретшілермен, белсенділермен бірге әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шығармашылық арқылы шешеді. Компания өндірісінде суды үнемдеуге ерекше мән береді – тазарту циклдарын қолданады, суды аз қажет ететін өнімдер шығарады және ұзақ мерзімді бояулар арқылы ресурс артық жұмсалуын азайтады.
Инженерлік шешімге ғана емес, табиғи процеске мүмкіндік беру
Urban Forum Kazakhstan жетекшісі Әділ Нұрмақовтың айтуынша, суару арықтары мен өзен арналары жүйесін қайта қарастыру қажет. Қазіргі уақытта олардың көбі бетонмен қоршалған және қаладан суды тез ағызып жіберу үшін қолданылады. Бұл су топыраққа сіңбейді, жерасты сулы қабаттарын толтырмайды.
Әділ Нұрмақов
Urban Forum Kazakhstan жетекшісі
Бұл көп инвестицияны қажет етпейді. Керісінше, табиғи шешімдер арзанырақ, оны енгізу жылдамырақ және күтіп ұстау оңайырақ, бірақ олар сана мен көзқарасты өзгертуді талап етеді.«Суды барынша тез ағызу» идеясынан «оны сақтау және тиімді пайдалану» идеясына көшіп, табиғи процестерді қала контексіне қайтару керек. Негізгі қиындық институционалдық инерцияда жатыр. Қазақстандағы инфрақұрылымды жоспарлауға қолданыстағы тәсілдер «сұр» инженерлік шешімдерге – ондаған жыл бойы қайта қаралмаған құбырларға, бетонға, каналдарға, стандарттарға бағытталған. Тұрақты шешімдер басқа тәсілді қажет етеді: олар «жасанды» емес, табиғи процестерге негізделген, — дейді Әділ Нұрмақов.
Қоғамдық қор жетекшісінің айтуынша, судың басым бөлігі үйде емес, өнеркәсіпте, бизнесте және инфрақұрылымда көбірек ысырап болып, ластанып жатыр. Орталықтандырылған жылытуға, көлік жууға, құрылысқа, тиімсіз суаруға және ескірген технологиялық процестерге судың өте көп мөлшері жұмсалады.
Бұл жүйелер экологиялық таза болмайынша, басқа әрекет жағдайды түбегейлі өзгерте алмайды. Сондықтан бүгінде суды үнемдеу ғана емес, хабардарлықты арттыру, азаматтық ұстанымды қалыптастыру және осы мәселелер бойынша қоғамдық пікірталасқа қатысқан маңызды, — дейді ол.
Urban Water 2025 жобасы дәл осыны еске салады: қаланы сүю – оның суына да қамқор болу. Ал Caring is cool — муралы көп жыл бойы осы үндеуді арқалап, халыққа судың маңызын түсіндіретін өнер тілі.

