Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жұмыс сапары барысында мегаполистегі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарды аралады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің мәліметінше, жұмыс сапарына Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің басшылығы және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алдымен бірінші вице-премьер Алматы халықаралық әуежайы аумағында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары мен ішкі рейстер терминалын реконструкциялау жұмыстары қаралған.
Жаңа халықаралық терминалдың жалпы аумағы 56 мың шаршы метр. Нысанға 93 млрд теңге инвестиция салынған. 2024 жылғы маусым айынан бері терминалдың өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артқан. Осыдан кейін бұрынғы терминал толықтай ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшкен, — делінген хабарламада.
Әуежай президенті Көсе Гөкер мәлім еткендей, әуежайды басқаратын TAV Airports Holding компаниясы былтыр жалпы құны 360 млн доллар болатын бес жылдық бас жоспарды бекіткен. Оның аясында терминалдарды жаңарту, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жүк перронын салу, қонақүй мен көп деңгейлі автотұрақ тұрғызу секілді жобалар жүзеге асырылады.
Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет басшысының Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік экономикаға айналдыру жөніндегі тапсырмасы үкімет үшін басым бағыт екенін атап өтті.
Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Әуежай аумағындағы құрылыс жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталуға тиіс, — деді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар ол әуежайдың халықаралық терминалын таяуда нөсер жаңбырдан кейін су басу жағдайына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтардың наразылығына себеп болған.
Осыған байланысты бірінші вице-премьер Алматы әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік жүйесімен, соның ішінде метроның болашақ бағыттарымен интеграциялау мәселесін пысықтауды тапсырды.

