Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстандық ғалымдар аллергияға қарсы жаңа препарат әзірледі

Фото: ДСМ
ДСМ Қазақстанда кең таралған маусымдық аллергиялардың бірі – жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың клиникалық зерттеуінің II кезеңін бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жоба министрліктің 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – пациенттер үшін қолжетімді әрі тиімді қазақстандық препарат әзірлеу.

Мамандардың айтуынша, жусан тозаңына аллергия елдегі ең жиі кездесетін маусымдық аллергиялардың бірі саналады. Әсіресе жаз бен күз мезгілдерінде адамдар мұрыннан су ағу, түшкіру, көзден жас ағу және тыныс алудың қиындауы сияқты белгілерге жиі шағымданады.

Жаңа препаратты қазақстандық ғалымдар заманауи рекомбинантты аллерген негізінде әзірлеген. Өндіріс халықаралық GMP стандарттарына сәйкес отандық OtarBioPharm кәсіпорнында жүргізіледі. Әзірлеменің басты ерекшеліктерінің бірі – емдеу курсының қысқалығы. Дәстүрлі аллерген-спецификалық терапия ұзақ уақытқа созылуы мүмкін болса, жаңа препарат аптасына бір рет енгізілетін небәрі төрт теріасты инъекциясынан тұрады. Бұған дейін еріктілердің қатысуымен клиникалық зерттеудің бірінші кезеңі аяқталған, — делінген хабарламада.

Зерттеушілер елеулі жанама әсерлер тіркелмегенін, ал алдын ала нәтижелер аллергенге сезімталдықтың төмендегенін көрсеткенін мәлімдеді.

2026 жылғы 24 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі клиникалық сынақтардың II кезеңін өткізуге ресми рұқсат берген. Қазіргі таңда зерттеу «Медцентр-Рахат» базасында жүргізіліп жатыр. Оған жусан тозаңына аллергиясы расталған 138 пациент қатысып жатыр.

Мамандардың пікірінше, бұл жоба отандық ғылым мен биофармацевтиканы дамытудағы, сонымен қатар Қазақстанда инновациялық дәрілік препараттарды әзірлеудегі маңызды қадамдардың бірі болады.

Exit mobile version