Әлеуметтік желілерде Алматы облысы, Балқаш ауданы аумағында болған жол апаты туралы ақпарат тарады. Желіде жарияланған мәлімет бойынша, 38 жастағы әйелді көлік қағып кеткен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Кейбір ақпарат көздерінде көлік тізгінінде марқұмның күйеуі — полиция қызметкері болғаны айтылған. Оқиғаға байланысты Алматы облыстық полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, әйелді көлікпен қағып кеткен деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оқиға салдарынан әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынғаны айтылды. Полиция өкілдері ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

