Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатынан кейін облыс әкімдігі Республика күніне арналған мерекелік гала-концерт пен отшашуды өткізбеу туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін концерт пен отшашу 25 қазан күні сағат 19:00-де «Қазақ халқына мың алғыс» алаңында өтеді деп жоспарланған еді. Алайда аймақта болған қайғылы оқиғаға байланысты іс-шаралар тоқтатылды.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! 25 қазан күні өткізу жоспарланған гала-концерт пен отшашу өңірде болған қайғылы жағдайға байланысты өтпейтіндігін хабарлаймыз, – делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Еске салайық, 23 қазан күні «Самара–Шымкент» автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі бір-біріне соғылып, 12 адам қаза болды.
Ақтөбеде жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды.
Жол апатының себептерін тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды.
