Алматыдағы Төлебаев және Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан бірнеше күмбезді алып ғимарат бүгінде қазіргі нарық талабына сай қызмет көрсететін сауықтыру кешені ретінде танымал. Бірақ оның ел өміріндегі маңызы жаңа заманның бизнес нысаны болғанында емес, уақыт озған сайын өткен дәуірдің ескерткіші ретінде тарихи-мәдени қадір-қасиетінің арта бастағанында. Бұл — 1979-1982 жылдары салынған әйгілі «Арасан» моншасы, Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев тұсындағы Алматының бас жоспарына сай іске асқан соңғы сәулет жобаларының бірі.

Алматы тарихы музейінің ғылыми қызметкері Нұрсұлу Мұсаева бізге «Арасанға» дейін оңтүстік астанада монша мәдениеті қандай болғанын және осы ірі сәулет нысаны қалай салынғанын айтып берді.

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін Алматыда екі қалалық монша жұмыс істеді. Олар «Ағайынды Титовтардың сауда халық моншасы» және «Жилинков моншасы» деп аталды. Бірақ бұл моншаларға бір мезетте 15-20 шақты адам ғана түсетін. Сол кезде қаланың көп тұрғыны моншаға барды. Бірақ қоғамдық шомылу орындарының жағдайы санитария талаптарына сай келмеді. Тұрғындардың кейбірінің ауласында жеке моншасы болған, — дейді ғылыми қызметкер.

Нұрсұлу Мұсаева
Нұрсұлу Мұсаева. Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz

Сол кездегі астана мен жалпы республика көлемінде моншаның қаншалықты тапшы болғанын Жетісу облыстық революция комитетінің «Түркістан Республикасы тұрғындарын моншамен қамтамасыз ету туралы» 1921 жылғы сәуір айында шығарған №44 бұйрығынан көруге болады.

Бұл бұйрық 1926 жылы ғана жүзеге асты. Сол жылы Алматыда №1 монша (Фонтанная, қазіргі Төлебаев көшесі, 54-үй), 1933 жылы №2 монша (Октябрьская, қазіргі Әйтеке би көшесі, 21) салынды. 1935 жылы Гоголь көшесіндегі монша тұрғызылды. Моншаны пайдалану ақысы әжептәуір қымбат болды. Қоғамдық моншаға түсудің бір сағатының бағасы 50 сом болса, нөмір бағасы 150 сомға дейін жеткен. Бұл моншалар 1937 жылға дейін жұмыс істеді. Осы жылы 150 орындық монша құрылысы басталды. Ал 1938 жылы қаланың солтүстік-шығыс бөлігінен тағы бір монша салу қолға алынды. 50-жылдары қалада барлығы 703 адам сыятын 5 монша жұмыс істеп тұрды, — дейді Алматы тарихы музейінің ғылыми қызметкері.

«Арасан» моншасының құрылысы 1979 жылы басталып, 1982 жылы аяқталды. Сәулет кешені идеясының авторы — Дінмұхамед Қонаев.

Түркістанда атақты шығыс моншасы бар. Дінмұхамед Қонаев Түркістанға іссапармен барғанда сол моншаны көріп, кезіндегі ата-бабамыздың монша салу және оны қолдану мәдениетіне тәнті болады. Ол  не себепті қазір мұндай моншалар жоқ, неге бұл мәдениетті жаңғыртпасқа деп, Селолық құрылыс министрі Қорған Мусинге Алматыда үлкен монша тұрғызу ойын айтады. Сөйтіп «Арасан» моншасын салу туралы шешім шығарады, — дейді Нұрсұлу Мұсаева.

Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz

Бұрын-соңды елімізде мұндай құрылыс болмаған соң ірі сәулет нысанын салу жан-жақты зерттеуді қажет еткен. Министрлік бұл жұмысты Алматы ғылыми зерттеу институтына тапсырады.

Институт Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театры, Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет галереясы, «Отырар» қонақүйі сияқты жобаларды жүзеге асырған. Институт мамандары Балтық жағалауы елдеріндегі, Өзбекстан мен Ресейдегі, Венгриядағы монша құрылыстарының  тарихына үңіліп, ол елдердегі сәулет тәжірибесімен арнайы барып танысады. Сапар барысында мамандар көп мәлімет жинайды, — дейді Нұрсұлу Мұсаева.

Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz

Нұрсұлу Мұсаеваның айтуынша, «Арасан» — орыс пен финн моншасының үлгілерін тоғыстырған кешен.

Орыс моншасының ең ұтымды тұсы — пеші. Мамандар Ресейдегі патша заманынан келе жатқан Сандунов моншаларының пешін зерттеу арқылы сол технологияны ең сәтті деп ұйғарады. Пештің сызбасын салған Константин Мельниковты іздеп тауып, Алматыға шақырады. Сонымен бірге финн моншасының да үлгісі қолданылады. Финн мен орыс моншасы бір-бірінен ылғал мен температура жағынан айырмашылығы болады. Мысалы, орыс моншасының орташа температурасы 50 градус болса, ылғалдығы одан көбірек болады. Ал финн моншасында температура өте жоғары, ылғалдығы төмен болады. Қазақ сәулетшілері мен құрылысшылары екі моншаның үлгісін де «Арасанға» қолданады, — дейді ол.

Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz

«Арасан» моншасының алты күмбезі бар. Музей қызметкері күмбез бекерден бекер салынбаған дейді. Өйткені ылғал ауа қабырғамен күмбез арқылы сыртқа шығып отырады. Сол кезде ол адамның үстіне тамшы тамбайды.

Шығыс, орыс, финн монша дәстүрін біріктірген «Арасан» Кеңес Одағындағы ең ірі моншалардың бірі ретінде танымал болды. Сол кезде «Известия», «Правда», «Советская культура» сияқты басылымдар бір-бірімен жарысып жазып, теңдессіз монша деп баға берді. Рашид Нұғмановтың 1988 жылы түсірген әйгілі «Ине» фильмінде «Арасан» моншасында түсірілген кадрлар бар. «Арасанның» кең танылуына бұл да әсер етті. Фильм шыққаннан кейін Алматыға келген туристер міндетті түрде моншаға соқпай кетпейтін болған.

Моншаны Вадим Хван, Виктор Чечелев, Көпсекбай Төлебаев, Владимир Ищенко, Мәлік Оспанов сияқты сәулетші-инженерлер тобы тұрғызды. 1984 жылы «Арасан» кешенінің сәулеті үшін сәулетшілер ұжымына  Қазақ КСР-нің Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сәулетші Көпсекбай Төлебаев бұл туралы былай деген:

Ол кезде Ташкент пен Алматы арасында барлық жағынан бәсеке болды. 1974 жылы Ташкентте шығыс моншаларының ауқымды кешені салынғанда дәл осындай нәрсе жақын арада біздің елде пайда болатынына күмән келмеді. Солай болып шықты. 1979 жылы Қазақ КСР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі мен Алматы атқару комитеті монша салу туралы шешім қабылдады. Бізге Төлебаев, Карл Маркс (Қонаев) және Октябрьская (Әйтеке би) көшелерінің қиылысынан жер бөлінді. Оған дейін онда ағаштан тұрғызылған орыс моншалары болды. Жер ғимараттың ыңғайлы орналасуын және қаланың әртүрлі ауданында тұратындардың келіп-кетуіне қолайлы болуын ескеріп таңдалды. «Арасан» кешені қала орталығы құрылысын аяқтап, айналадағы ортаға үйлесуі керек еді. Құрылыстың формасы жергілікті рельефті, әртүрлі павильонның функционал ерекшеліктерін және осы учаскеде бұзуға болмайтын аудандық қосалқы станцияның болуын ескере отырып анықталды. Нәтижесінде құрылыс бір-біріне жапсарлас орналасқан және «П» әрпі тәрізді үш павильон болып салынды.

5 қабатты күрделі ғимарат сол кездің өзінде сейсмика талаптарына сай тұрғызылған. Ғимарат қасбеті ұлутастармен, жергілікті мәрмәрмен және Үштөбенің ақшыл гранитімен қапталды.

«Арасан» сауықтыру кешенінің қазіргі көрінісі:

Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz
Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz
Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz
Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz
Арасан моншасы
Фото: Нұрберген Алдаберген/Baribar.kz

Нысан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де мемлекет меншігінде болды, бірақ жалға беріле бастады. 20 жылдан соң монша кешені түгел реконструкцияланып, қайта ашылды.

«Арасан» сауықтыру кешені демалыссыз 07.30-дан 23.30-ға дейін жұмыс істейді. Мұндағы қызмет түрлерінің толық тізімі мен бағасын кешеннің Arasan-spa.kz ресми сайтынан көруге болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!