Мазмұнға өту
Басты бет / Қоғам /

Алматыда «Балет рапсодиясы» гала-концерті өтеді

Фото: ҚР мемлекеттік академиялық би театры

2025 жылғы 20 қазан күні сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театрының жетекші әртістері қатысатын үлкен «Балет рапсодиясы» гала-концерті өтеді.

Көрермендерге әлемдік балет классикасы мен заманауи қазақстандық композиторлардың туындыларын қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынылады. Кеш бағдарламасында Н. Паганини, Ч. Пуни, К.В. Глюк, Н. Римский-Корсаков, К. Сен-Санс, Л. Делиб, А. Адан сынды әлемдік классиктердің, сонымен қатар қазақстандық композиторлар А. Райымқұлова, Б. Оралұлы және А. Исақованың шығармалары орындалады.

Бағдарлама әртүрлі дәуір мен стильдің үндестігін көрсетеді: нәзік классикалық нөмірлер мен қазақ фольклорынан шабыт алған ұлттық би көріністері бір сахнада тоғысады. Көрермен назарына Н. Паганинидің «Мәңгілік қозғалысы», Ч. Пунидің «Эсмеральда» балетінен па-де-де, К. Глюктің «Мелодиясы», сонымен бірге «Толғау» мен «Ер Тұран» сияқты ұлттық қойылымдар ұсынылады.

Алматыда «Балет рапсодиясы» гала-концерті өтеді
Фото: ҚР мемлекеттік академиялық би театры

Театрдың бас балетмейстері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлфида Гафурованың айтуынша, бұл концерт – классика мен заманауилықтың, еуропалық және қазақы сарындардың үйлесімін көрсететін мәдени диалог.

Біздің міндетіміз – әлемдік хореографияның ең жақсы дәстүрлерін сақтау және сонымен бірге ұлттық бидің байлығын көрсету. Бұл бағдарлама – өнердің жаңа қырларын ашатын мәдениеттердің тоғысы, – дейді ол.

Кеш барысында көрермендер классикалық па-де-де биінің шебер техникасынан бастап, қазақ даласының рухына толы ұлттық билердің эмоциялық қуатына дейінгі әртүрлі стильдерді тамашалай алады.

«Балет рапсодиясы» гала-концерті Алматының мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың біріне айналып, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлайды.