Қазақстанның XII Азаматтық форумында мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ел экономикасының тұрақтылығын және әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан ұзақмерзімді бюджеттік жоспарлауы бар санаулы мемлекеттердің қатарына енеді.
Біз бюджетке түсімдердің тұрақтылығын және экономиканың орнықты өсімін байқап отырмыз. Азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып жатыр, — деді депутат.
Елнұр Бейсенбаевтың сөзіне қарағанда, үш жылдық бюджет жүйесіне көшу – елдің болжамдылық пен стратегиялық басқаруға бағытталған маңызды қадамы. Бүгінде әлем бойынша мұндай жүйеге көшкен небәрі 50 мемлекет бар. Ал 150-ден астам ел әлі де тұрақсыз кіріс жағдайында өмір сүріп отыр. 2024 жылы Қазақстан бюджетінің кірісі 44 млрд доллардан асып, Өзбекстаннан бір жарым есе көп болған. Халықаралық валюта қорының дерегінше, Қазақстан Иран мен Болгарияны да кіріс көлемі бойынша басып озған.
Депутаттың айтуынша, мемлекет зейнетақы мен жәрдемақыларды тек индексациялап қана қоймай, олардың мөлшерін жыл сайын арттырып келеді.
Бұл жүйелі тәсіл. Алдағы он жылда әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығын тағы 10 трлн теңгеге өседі, — деді ол.
2025 жылы республикалық бюджет шығыстарының 30%-ы өңірлерді дамытуға, яғни 76 трлн теңгеге бағытталған. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қазіргі таңда елде үш ғана донор өңір бар, ал 17 өңір — дотациялық. Сондықтан орталық бюджет елдің тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.
Депутаттың мәліметінше, Қазақстанның халықаралық резервтері 20%-ға артып, 64 млрд долларға жеткен. Бұл шамамен елдің үш жылдық бюджетіне тең. Мемлекеттік қарыз көлемі ЖІӨ-нің 25%-ы шегінде, яғни қауіпсіз деңгейде. Сонымен қатар жаңа бюджет кодексінде қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуына бағытталған нақты тетіктер қарастырылған.
Біз бюджет тапшылығын азайтып, шығыстарды 2 трлн теңгеге қысқарттық. Бұл қаражатты Ұлттық қорға сақтадық, — деді депутат.
Бейсенбаевтың айтуынша, Қазақстан макроэкономикалық параметрлер бойынша әлемнің топ-50 еліне кіреді және саяси тұрақтылығын сақтап отыр. Ол елдегі көппартиялық жүйенің дамуы, ұлттық диалогтың күшеюі және сайлау жүйесінің ашықтығы демократиялық тәжірибенің қалыпты нормасына айналғанын айтты.
Бүгінде әрбір азамат өз пікірін ашық білдіруге және ел өміріне еркін қатысуға мүмкіндік алып отыр, — деді Елнұр Бейсенбаев.
