Үлкен Алматы шыңына тауға шыққан адамдарды санайтын құрылғы орнатылды

Не болды?

Үлкен Алматы шыңына тауға шыққан адамдарды автоматты түрде есепке алатын еліміздегі алғашқы құрылғы орнатылды. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлап отыр. 

Мәлімет

Бұл жоба Алматының туризм басқармасы тарапынан экотуризмді цифрландыру мен туристік инфрақұрылымды дамыту аясында қолға алынып отыр.

Бас мақсат – тауға шығатындарды есептеп, тау бағыттарына түсетін салмақты талдау. Құрылғы шыңға шыққан әр адамды автоматты түрде тіркеп, нақты статистиканы білуге мүмкіндік береді,- делінген хабарламада.

Қазан айының соңына дейін осындай құрылғылар Қаныш Сәтбаев (Советов) және Жастар шыңына да орнатылады. Жиналған дерек тау бағыттарын жоспарлауға, навигациялық жүйелерді жетілдіруге және таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қолданылады.

Мұндай технология Швейцария, Аустрия және Жаңа Зеландия сынды елдерде кеңінен қолданылады. Алматы да осы әлемдік тәжірибені Іле Алатауының жағдайына бейімдеп енгізіп отыр.