Не болды?
Украинадағы call-орталық Қазақстан азаматтарын арнайы қызмет өкілдері болып алдап келген. Мұны Қазақстан киберполицейлері Украинадағы әріптестерімен бірлесіп анықтаған.
Мәлімет
Қазақстан ІІМ киберқылмыспен күрес департаментінің қызметкерлері Украина ұлттық полициясымен, бас прокуратурасы кеңсесімен және Қазақстан бас прокуратурасымен бірлесіп, Черновцы мен Одесса қалаларында Қазақстан азаматтарын алдаған трансұлттық қылмыстық қауымдастықты тоқтатты.
Алаяқтар қалай әрекет еткен?
Қылмыскерлер алдын ала дайындалған схема бойынша жұмыс істеген: жәбірленушіге Қазақстан ұлттық банкінің, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің қызметкері болып қоңырау шалған.
Кейін олар «күдікті операциялар» және «террористік ұйымдарды қаржыландыру» бойынша қылмыстық жауапқа тартыласыз деп қорқытып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозитіндегі қаржыны дроп-шоттарға аударуға мәжбүрлеген, — дейді киберқылмыспен күрес департаменті бастығының орынбасары Аслан Үскембаев.
Ақша қайда жұмсалған?
ІІМ мәліметінше, қылмыскерлер арасында нақты иерархия: администраторлар, HR-менеджерлер, «клоузерлер» (келісімді аяқтайтындар), «холодниктер» (алғаш қоңырау шалатындар), кеңсе жинаушылар болған.
Қылмыстық жолмен түскен қаражат call-орталықтың жұмысын жүргізуге, автокөлік сатып алуға және басқа да шығынға жұмсалған. Алаяқтар кеңсені жалға алу үшін ай сайын 60 мың АҚШ долларын төлеген. Күдіктілердің бірі кейінгі жарты жылда бес автокөлік сатып алған.
Полиция тапқан заттар
Күдіктілердің үйінде және call-орталықтан 30-дан астам компьютер, 79 ұялы телефон, көптеген sim-карта, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің формасы мен жалған құжаттары, ұлттық банк қызметкерлерінің куәліктері, сондай-ақ азаматтарды алдауға арналған дайын сценарийлер тәркіленді.
Сонымен қатар, тәркіленген құрылғылардан бейне мен дауысты қолдан өзгертетін арнайы deepfake қолданбасы табылды.
Негізгі мәліметтер
Деректер бойынша, қылмыскерлер Қазақстан азаматтарын алдап, 900 млн теңгеден астам сомасын алған. Арнайы операция нәтижесінде тоғыз Украина азаматы ұсталды, олардың бесеуі қамауға алынды.
