Жоан Роулиңнің сиқыршы бала Хәрри Поттер туралы романдар сериясының бірінші томы қазақ тілінде басылып шықты. "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" кітабын аударып шығарған ұжым оны журналистерге таныстырды.

Қазақстанның Steppe&World баспасы сиқыршы бала Хәрри туралы шығармалар жинағын қазақ тілінде шығаруға ағылшын жазушысы Жоан Роулиңнен рұқсат алған. “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” романының бірінші тарауын Baribar.kz бұған дейін баспаның эксклюзив рұқсатымен алғаш болып жариялады.

Steppe&World баспасының негізін қалаушы Раиса Сайранқызының айтуынша, бұл шығарма үлкен-кішіге бірдей қызық, сол себепті әлем бестселлерін қазақ тіліне аудару қолға алынды. Баспа романдар сериясының алғашқы томы – “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” романының 10 мың данасын шығаруды жоспарлап отыр.

80 тілде жарық көрген серияның әлі күнге қазақшаға аударылмағанына, 20 жылдың ішінде бұл істі ешкім қолға алмағанына алғаш таңғалғаным рас. Бұл  мәселені шешуді дереу қолға алдық. Балаларға арналған әлемге әйгілі шығармаларды “Анна Франктың күнделігі”, “Груффало”, “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” деген атаулармен қазақ тіліне аудара бастадық. “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” романын аударуға бір жылдан астам уақыт кетті, – дейді баспа басшысы Раиса Сайранқызы.

Раиса Сайранқызы
Раиса Сайранқызы. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Баспагердің айтуынша, қазір Хәрри Поттердің екінші романы аударылып жатыр. Ал негізгі топтамаға кіретін жеті кітап және төрт қосымша әңгімелер жинағы 2020-2021 жылдары түгел аударылып басылады.

“Хәрри Поттерді” аудару – баспаның қандай да бір сыртқы қаржыландырусыз жүзеге асырылып жатқан жеке жобасы. Кітаптан түскен қаражатты әлемдік деңгейдегі дүниелерді қазақ тіліне аударуға жұмсаймыз,- дейді Steppe&World баспасының басшысы.

“Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” кітабын Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы сияқты мамандар аударған. Жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек.

Кітап туралы алғаш ақпарат беріп, мұқабасын әлеуметтік желілерде жарияғалы бері “Неге “Гарри” емес, “Хәрри?”, “Неге “Роулинг” емес, “Роулиң?” деген сұрақ көбейді. Біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде Harry, “Хәрри” болып оқылады. “Ә” дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол сияқты жазушының тегі де қазақ тілінде бар “ң” дыбысымен аяқталып тұр. Сондықтан “Гарри” емес, “Хәрри”, “Роулинг” емес, “Роулиң” болады. Сонымен бірге егер Қазақстан латын әліпбиіне толықтай көшкен жағдайда “Гарри” деп аударсақ, Garry деп жазуға тура келеді. Осылайша қате жіберуіміз мүмкін, – дейді Назгүл Қожабек.

Назгүл Қожабек
Назгүл Қожабек. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Авторлар кітапты аудару барысында жалқы есімдердің көбін түпнұсқадан ауытқымай береміз деп шешкен. Аудармашылардың айтуынша, сиқыршы бала Хәрри әлемі мен қазақы менталитетті байланыстыру қиын болған.

Аударма ісі – креатив процесс. Оның өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Мысалы, әр ұлттың, елдің өзіне тән ұғымдары мен ерекшеліктері бар. Ол ұғымдар сол тілде болғанымен қазақ тілінде болмауы мүмкін. Мәселен, қазақта сиқырға байланысты ұғымдарды “бал ашу”, “дуалау”, “шамандық” деп атайды. Ал батыстың “магия” ұғымы бізде жоқ. Осындай жағдайды ескеріп, түпкі мағынасы өзгермейтіндей аудардық, – дейді аударма авторы Саят Мұхамедияр.

Саят Мұхамедияр
Саят Мұхамедияр. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Суретші Нұрлан Әбішев Хәрри Поттер туралы шығармалардың қазақ тіліндегі нұсқасы үшін арнайы мұқаба жасаған. Онда киізүйдің ішінде отырған Хәрри бейнеленген. Иллюстрация әзірше бекітіле қойған жоқ.

Steppe&World баспасы қазақ тіліндегі кітапты оқуды сәнге айналдыруды мақсат етеді. Сол себепті келешекте әлемге әйгілі тағы бір топ шығарманы, соның ішінде Харуки Мураками шығармаларын тәржімалауды жоспарлап отыр.

Хәрри Поттер

“Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” кітабына қазір Steppe&World баспасының әлеуметтік желілердегі парақшалары (Facebook, Instagram) арқылы және WhatsАpp мессенджерімен тапсырыс беруге болады. Кітап 7 ақпаннан бастап Meloman, Flip.kz, “Эрудит”, Magic Toys, “Қазына”, Cocobee.kz, Kitapal.kz, Knizhka.kz дүкендерінде сатылады.