Басты бетҚоғамАлматыда дін...

Алматыда дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының қызметкерлеріне жалақы беріледі

Жиналыс барысында ақпараттық түсіндіру тобының мүшелеріне ай сайын ақы төленетіні айтылды. Ол жұмыстың күрделілігіне байланысты әрбір ұйымдастырылған шара үшін 5-10 мың теңгенің арасында болады.

Бүгінгі күні топтың ұйымдастыру жұмыстары толығымен аяқталған. Енді нақты іске көшпек.

Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының бастығы Айдар Есенбековтың айтуынша, топ жұмысына қарапайым адамдар да көмек көрсете алады.

«Егер сіз бір пәтерде көп адамдар жиналып, түсініксіз салттар жасайтынынан хабардар болсаңыз, сондай-ақ, қандай да бір жерде діни түсінбеушілік болып жатқанын естісеңіз, біздің ақпараттық түсіндіру тобына хабарласа аласыз. Топ мүшелері дереу сол жерге барып, қажетті шараларды жүргізеді»,- дейді Айдар Есенбеков.

Ақпараттық түсіндіру тобына төмендегі мекен-жай бойынша хабарласуға болады:

  • Алматы қаласы, Төле би көшесі 155, 607 кеңсе
  • Байланыс телефондары: 8 (727) 378 48 06, 8 (727) 378 46 14, 8 (727) 222 17 08
  • Электронды поштасы: [email protected]

Ақпараттық түсіндіру тобы — мемлекеттік органдардың діни экстремизмнің алдын алуға және халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарының бір түрі.

Қазір оның құрамында Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Ислам Байрамуков сынды спортшылар мен қоғам қайраткері Асылы Осман, саясаттанушы Айдос Сарым, Алматы қаласының экстремизммен күрес басқармасының бастығынан бастап, түрлі діни қызметкерлер, ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлер, саясаткерлер — барлығы 111 адам бар.