Алматыда бір айлық норманың жартысына жуық жаңбыр жауды

Алматыда бірнеше сағат ішінде 12 миллиметр, тау бөктерінде 15 миллиметр жауын-шашын түсті. Бұл қыркүйек айындағы бір айлық норманың жартысына жуық.

Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлап отыр.

Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, қатты жауын салдарынан қалада су басу оқиғалары тіркелді. Жауын зардаптарын жоюға 96 техника, 40 мотопомпа, 19 ассенизатор машинасы, 416 жұмысшы және 2400 қап құм тартылды. Сонымен қатар 71 жедел мобильді бригада жұмыс істеді.

Нөсер салдарынан ең көп зардап шеккен аумақ – Әуезов ауданындағы Аманжол көшесі. Жол төсемінің опырылуы салдарынан 13 автокөлік бүлінген. Қазіргі уақытта көліктерді эвакуациялау, топырақты шығару және жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым көлік иелеріне келтірілген шығынды толық өтеуге уәде берді.

Тағы бір проблемалық учаске – Манас пен Жандосов көшелерінің қиылысы. Мұнда арық жүйесі суға толып, жолды шайып кеткен. «Алматы тазалық» бригадалары арықтарды тазарту, су ағызу жұмыстарын атқарып жатыр.

Барлық негізгі көшелерде қозғалыс қалпына келтірілді. Қала әкімдігі жағдайдың толық бақылауда екенін хабарлап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да