Арыз

Арыз — жеке адамның өз құқығын жүзеге асыру, талабын орындату яки бір ақпаратты жеткізу үшін қандай да бір ұйым басшысына, өзінен жоғары саналатын лауазымды тұлғаға жазатын ресми құжаты. Адам арыз жазу арқылы бұзылған құқығын қалпына келтіргенін заң бойынша талап етеді. Оның үш түрі бар: өтініш түріндегі арыз, шағым түріндегі арыз және түсініктеме түріндегі арыз.

Өтініш түріндегі арыз — адамның бір жағдайға көңлі толмай, арыздануы. Мұнда арызданушы шара қолдануды емес, нақты талап-тілегі орындалуын өтінеді.

Мысалы, Арай деген студенттің тұрып жатқан жатақханасы суық делік. Соның салдарынан ол ауырып, сабаққа бара алмай жүр. Мұндай кезде Арай жатақхана басшылығына өтініш түріндегі арыз жазады. Арызында ол жатақхана суық болғандықтан ауырып жатқанын, лекцияға бара алмағанын егжей-тегжейлі баяндап, соңында осы мәселеге байланысты нақты талап-тілегін жазуы қажет. Мәселен, басқа жатақханаға ауыстыруды сұрауы мүмкін.

Өтініш түріндегі арызда арыз беруші студенттің, жатақхана басшысының аты-жөні, мекеменің атауы толық жазылуға тиіс.

Шағым түріндегі арыз — адамның қандай да бір құқығы бұзылғанына байланысты шара қолдануды сұрайтын құжат түрі.

Арайдың жатақханасындағы көрші бөлмедегі Алма деген қыз түнгі 00.00-ден кейін музыка дыбысын қатты шығарады. Қатты музыкадан Арай сабақ оқи алмайды, ұйықтай алмайды. Мұндай кезде студент қыз жатақхана басшылығына көршісінің үстінен шағым түріндегі арыз жазып, шара қолдануды сұрайды.

Шағымданбас бұрын әуелі ол адамға бірнеше рет ескерту жасаған жөн. Ескертуді елемеген жағдайда шағым жазуға болады. Бұл арыз түрінде де барлық ақпарат толық жазылуға тиіс.

Түсініктеме түріндегі арыз — белгілі бір оқиға, мәселе дұрыс шешілмегендіктен жазылатын құжат түрі. Арыз жазушы адамның басты мақсаты — шешілмеген жағдайды реттеу, оқиғаны нақты түсіндіріп жазу.

заңгер, Аружан Жақсылық
Аружан Жақсылық. Фото жеке архивінен

Алматыда жол апаты болып, екі көлік соқтығысып қалды. Зардап шеккен екі жүргізуші келісе алмай, мәселені шеше алмай жатыр. Мұндай жағдайда екеуі де полицияға түсініктеме түріндегі арыз жазады. Онда олар жағдайдың қалай болғанын толық баяндауы керек. Сонымен қатар олар арызында дәлел ретінде куәгерлердің пікірін қосуына болады.

Арыз А4 форматтағы ақ параққа жазылады. Ең әуелі оң жақ шетіне кімге жазылғаны, кімнің жазғаны көрсетілуі керек. Одан кейін қағаздың ортасына қою әрі қара әріппен құжаттың атауы жазылады. Кейін бір жол тастап, азат жолдан арыздың мәтіні баяндалады. Мәтін соңында арызды жазған күн көрсетіліп, арыз иесінің қолы тұруы керек.

Адам арызданбас бұрын арыздың қай түрге жататынын анықтап алғаны абзал. Себебі бұл арызының нақты әрі түсінікті болуына, талап-тілегінің орындалуына немесе екінші тараптың шара қолдануына әсер етеді.

Шағым

Шағым — адам заңды құқығы мен бостандығы бұзылғандықтан қоғамдық, мемлекеттік яки халықаралық ұйымнан, мекемеден, органнан көмек сұрап жазатын іс-қағаз.

Асан бір компанияның өніміне тапсырыс берді. Алайда компания тапсырысты мерзімінен кешіктірді. Мұндай жағдайда Асан компания қызметіне көңлі толмағанын жеткізіп, шағым жолдайды. Тағы бір мысал — Асан мейрамханаға барды делік. Ол тағамның ішінен шаш шыққанын, қасықтың таза емес екенін байқайды. Осы жағдайға байланысты ол мейрамхананың шағым дәптеріне шағым жаза алады. Оны мейрамхана басшысы оқып, мәселені шешуі керек.

Өтініш

Өтініш — адамның өзге адамнан, жеке тұлғадан немесе ұйымнан ресми түрде қалауын сұрауы немесе ұсынысы. Өтініш сан қилы болғанымен, мақсаты бір. Мысалы, еңбек демалысына шығуды, жұмыстан босатуды, кезектен тыс демалыс алуды, оқуға қабылдауды, басқа факультетке ауыстыруды сұрау сияқты көп жағдайда өтініш жазылады.

Айдана отбасы жағдайына байланыст басқа қалаға шұғыл кетуі керек. Ол басшысымен өзара келісе алмаса, ақысыз демалысқа жіберуді сұрай алады. Мұндай кезде ол өтініш жазады. Өтініште жағдай қаншалық түсінікті болса, соншалық бастықтың жіберу ықтималы жоғары. Дегенмен Айдананың басшысы жұмыс көп екені, кадр жетіспейтіні сияқты нақты себептерге байланысты қызметкердің өтінішінен бас тартуға құқылы.

Қолхат

Қолхат — адамның құжат, ақша, мүлік сияқты белгілі бір затты алғанын және оны белгілі бір мерзімде қайтаратынын міндеттеп көрсететін ресми құжат. Бұл құжат қолхат алушы адамда сақталады.

Айнұр мен Балжан — құрбы. Балжан Айнұрдан 200 мың теңге қарыз алды. Балжан қолхатқа «Мен, Пәленшиева Балжан 2023 жылғы 14 ақпанда Пәленшиева Айнұрдан 200 мың теңге қарыз алдым. Оны 2023 жылғы 14 сәуірге дейін қайтарамын» деп жазады. Ал Айнұр дәл осы форматта қарыз бергенін растап жазады. Оған қоса үшінші адам «Мен осы екі адамның арасындағы мәселеге куәгермін» деп жазып, үшеуі қол қояды. Кейін қолхат Айнұрда болады.

Қолхат беруші мен алушының толық аты-жөні, мекенжайы, қолхат берушінің жеке куәлігінің нөмірі, мерзімі, қолы нақты көрсетілуге тиіс.

Қолхат беруші қолхаттағы келісімді орындамаса, қолхат алушы оның үстінен шағым түсіріп, сотқа жүгіне алады. Сот кезінде қолхат ресми дәлел ретінде тіркеледі.

Сенімхат

Сенімхат — бір адам екінші адамға өзінің атынан шешім қабылдауға, тапсырманы орындауға, бір затқа иелік етуге мүмкіндік беретін іс-қағаз. Ол нотариус арқылы жасалады.

Айдос әкесімен бірге шетелге саяхатқа баруды жоспарлады. Бірақ оның әкесі мен анасы ажырасқан, ол анасымен бірге тұрады. Мұндай жағдайда Айдостың анасы сенімхат толтыруы керек. Онда ол «балаа әкесі Пәленшиевпен шетелге шығуына рұқсат етемін, баламды осы адамға сеніп тапсырамын» деп жазады. Бұл қағазсыз баланы шекарадан шығармайды. Тіпті  20.00-ден кейін кәмелет жасына толмаған бала әпкесімен, ағасымен кинотеатрға барса да, олардан сенімхат сұралады.

Бұл тек отбасы мәселесінде емес, материал жағдайында да маңызды рөл атқарады. Сенімхат ақша, мүлік, құжат түрінде де болуы мүмкін.

Жұлдыз деген қыз алимент өндіру ісі бойынша маған, яғни заңгерден көмек сұрап құжаттарын әкеледі. Бұл жағдайда мен оның құжаттарын тек нотариус арқылы сенімхат алғаннан кейін қараймын. Онда клиент «алимент өндіру ісі бойынша заңгерге құжаттарымды қарауға рұқсат етемін, құжаттарымды сеніп тапсырдым» деуі қажет. Бұл клиенттің де, заңгердің де қауіпсіздігі үшін маңызды.

Сенімхатты әр адам өз ыңғайына қарай түрліше жазады. Кейбірі басқаға өзінің атындағы барлық затты — үйін, көлігін, компаниясын, ақшасын, құнды қағазын қолдануға рұқсат береді. Енді бірі тек бір нәрсемен шектелуі мүмкін.

Ескерту: 14 жасқа дейінгі балалар үшін сенімхатты ата-анасы толтырады. Ал 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер ата-анасының рұқсатымен ғана сенімхат жаза алады. 18 жастан асқан кез келген адам өз еркімен сенімхат жазуға құқы бар.

Мысалы, қазір 16 жасқа дейінгі балаларға банк картасын ашуға болады. Ол үшін бала банк бөлімшесіне ата-анасының бірімен барып, оның рұқсатымен ғана алады. Сенімхат та дәл сондай.

Кепілхат

Кепілхат — адам біреудің қарызын өтегенше, өзінің атындағы мүлігін, үйін, көлігін немесе тағы да басқа құнды затын кепілге қойғанын растайтын ресми қағаз. Борышкер қарызын өтемесе, екінші адам оның кепілге қойған затына ие болады. Борыш сомасы мен кепілге қойлатын заттың құны тең болғаны дұрыс.

Айша Алмастан 3 миллион теңге қарыз алды. Ол кепіл ретінде көлігін қойғысы келеді. Онда ол сенімхатқа былай деп жаза алады: «Мен,  Пәленшиев Алмас 2023 жылғы 14 ақпанда Пәленшиева Айшадан 3 миллион теңге қарыз алдым. Оны 2023 жылғы 14 қыркүйекке дейін қайтарамын. Борышымды мерзіміне дейін өтемесем, Айша кепілге қойған көлігімді өз атына аудара алады».

Борышкер қарызын уақтылы өтесе, кепілхат күшін жояды. Ал қарызын өтемесе, қарыз беруші кепілдегі затты өз атына аударуға, оны сатуға, басқа біреуге беруге құқы бар.

Мысалы, Алмас қарызын қыркүйекке дейін қайтармады, сондықтан Айша оның көлігін өзіне алды. 6 ай өткен соң Алмас ақшаны өтейтінін айтып, көлігін қайтаруды сұрады. Алайда Айша көлікті әкесіне сыйлағанын айтты. Мұндай кезде Айшанікі дұрыс. Оның қарызды кеш әкелген Алмасқа көлікті қайтармауға, ақшаны алмауға құқы бар.

Кепілхат тек адам мен адамның арасында емес, банк пен адам, компания мен жеке тұлға арасында да жасалады. Банк несие бергенде кепілзат сұрайды. Борышкер несиесін уақтылы төлемесе, банк бірнеше мәрте ескерту жасайды. Қарыз алушы ескертуді елемесе, банк оның кепілге қойған үйін не мүлкін өзіне аударады. Борышкер қарызын толық өтеген соң қайтарады. Бірақ мұндай жағдайдан аулақ болған жөн, себебі банк қарыздың үстінен үстемақы қосады. Оған қоса қажет болса, кепілге қойылған мүлкіңізді сата алады.

Дұрыс толтырылған ресми қағаз жүзіндегі кепілхат заңды күшіне ие. Ал іс сотқа жетсе, кепілзат бергенін растайтын Whatsapp хабарламалары, аудио жазбалар дәлел болады.

Өкінішке қарай, қоғам асығыс шешім қабылдап немесе бей-жай қарап арыз, өтініш, шағым, сенімхат, кепілхат, қолхат сияқты ресми қағаздарды дұрыс толтырмайды, сосын жапа шегіп жатады. Бұл құжаттарды мұқият, тиянақты толтырса, заң жүзінде құқығын емін-еркін қорғайды.

Арызға, шағымға, өтінішке жауап қайтпаса, қайда хабарласу қажет?

Арызға, шағымға, өтінішке 15 жұмыс күні ішінде жауап қайтуға тиіс. Адамның арызы, шағымы, өтініші ескерілмесе, әділет департаментіне хабарласуға болады. Тіпті полиция арызды қарамаса, салғырт қараса, оның үстінен де шағымдануға мүмкіндік бар. Әділет департаменті міндетті түрде жауап береді. Ал сенімхатқа, кепілхатқа, қолхатқа қатысты құқығыңыз бұзылса, істі сотқа беруге болады. Құқық қорғау органдары бұл құжаттарды дәлел деп қарастырады.