Непалда үкіметтің отставкасынан кейін елді уақытша басқару міндеті жоғарғы соттың бұрынғы төрайымы, 73 жастағы Сушила Каркиге жүктелді.
Бұл туралы ВВС хабарлап отыр.
Ол жаңа үкімет жасақталғанға дейін премьер-министр қызметін атқарады.
Каркидің кандидатурасы Discord платформасында өткен онлайн дауыс беру арқылы ұсынылып, кейін президент пен қарулы күштердің қолбасшысы мақұлдады. Бұл сервер наразылық ұйымдастырушыларының басты алаңына айналып, оған 140 мыңнан астам адам қосылған.
Еске салайық, Непалда әлеуметтік желілерді бұғаттау және жемқорлыққа қарсы шараларға байланысты жаппай наразылық болып, екі күндік митиң кезінде 72 адам қаза болған.
Наразылық нәтижесінде премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли отставкаға кеткен еді. Сушила Карки Непал тарихында жоғарғы сотты басқарған алғашқы әйел ғана емес, сонымен қатар премьер-министрлікке көтерілген алғашқы әйел атанып отыр.
