Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Ақжайықтану» туристік-өлкетану экспедициясы — туған өлкені тану жолы

Жеңістің 80 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысында кең ауқымды тарихи-өлкетану іс-шарасы өтті. 3-5 маусым күндері облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығы мен Жәнібек аудандық туризм және экология орталығы облыстық «Ақжайықтану» туристік-өлкетану экспедициясын ұйымдастырды.

Экспедицияның бас мақсаты — жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу, тарихи санасын қалыптастыру, Жәнібек ауданының Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тарихын, ардагерлердің өмір жолын, жергілікті ескерткіштер мен тұлғаларды таныту.

Экспедицияға 21 оқушы мен олардың үш жетекшісі қатысты. Маршрут бағыты: Орал – Чапаев ауылы – Ақпәтер ауылы – Ұзынкөл ауылы – Жәнібек ауылы – Орал.

Сапардың алғашқы күні қатысушылар Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінде болды. Бұл музейде ауыл өмірі, ұлттық салт-дәстүрлер және көне тұрмыстық жәдігерлермен қатар, ашық аспан астындағы көрмеде ХІХ–ХХ ғасырлардағы ауыл шаруашылық техникалары ұсынылған.

Ұзынкөл және Т.Жароков атындағы мектеп музейде және бауырластар зираты мен су мұнарасының тарихымен танысқан оқушылар нақты тарихи деректі біліп қайтты. Батырлар ескерткішіне тағзым жасап, Мәңгілік алауға гүл қойды.

Экспедиция кезінде «Жаралы Жәнібек» деректі фильмі көрсетіліп, «Жеңіс жолымен» деген квест ұйымдастырылды. Оқушылар ардагерлермен кездесіп, олардың естелігін жазып алды. 

Табиғат аясында бивуак ұйымдастырылып, оқушылар дала жағдайына бейімделу машығын игерді. Ұлттық рух пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін «Жайлау» этнотуристік кешенінде садақ ату, атқа міну сияқты спорт шаралары да өтті.

Экспедиция нәтижесінде:

Жәнібек ауданының Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тарихына қатысты дерек жинақталды;
Кеңес Одағының батырлары мен майдангер қыздар туралы мәлімет толықтырылды;
● оқушылар ескерткіштер мен музейлерге барып, тарихи тұлғалармен танысты;
● іздестіру-зерттеу жұмысы жүріп, ауызша тарих элементтері тіркелді.

Мақалаға реакция