Шерзат Болат ісі: сотта айыпталушыдан жауап алынды

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Болаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сотта айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды. Адвокаттың сұрағына жауап берген ол алғашқы тергеу кезіндегі жауаптарымен келіспейтінін айтты.

Оның айтуынша, сол кезде оған қысым көрсетілген және дұрыс жауап бере алмаған. Әрі қарай айыпталушы «Қамажай» дүкеніне қашан және не мақсатта барғанын түсіндірді.

Сол күні сағат 23:00 шамасында досымның көлігінен түсіп, «Қамажай» дүкеніне кірдім. Онда үш сыра алдым, сол жерде Қаржаубаймен таныстым. Мың теңге Kaspi-мен, мың теңге қолма-қол ақша бердім. 500 теңгені өзіме қайтарды. Дүкенге екінші рет келіп, телефонды қуаттағышқа қоюды өтіндім, — деді айыпталушы.

Дархан Әскентайдан осы кезде Шерзатпен өзара қандай кикілжің болғанын да түсіндіріп өтті. Сонымен қатар оқиға орнына телефонмен хабарласып кімді шақырғанын айтты.

Мен сол күні телефонды беріп өтінгеннен кейін далаға шығып, сыраны енді ішейін деп тұрғанмын. Сол сәтте телефонымның музыкасы ойнады, соны алуға дүкенге кіріп бара жатқан кезде Қаржаубай телефонды Шерзатқа берді. Маған Шерзат телефонды берді, мен алып сөйлестім. Сосын телефон қарап тұрған кезде Шерзат «сен әкеме бірдеңе дедің ба, не дегің келіп тұр» деп ашуланды. Мен оған «жүр әкеңнен сұрайық, мен оған ештеңе демедім» деп түсіндіріп жаттым. Қарасам қолында кастет тұр екен, алды да оң көзімнен ұрып жіберді. Сол жерде бетімді ұстап тұрып қалдым. Сол сәтте Қаржаубай шықты, су алып, бетімді жуды. Сол кезде Қаржаубай Шерзатқа «не үшін ұрасың» деп айқайлап жатты. Екі бөтелке сырамды алдым да, көзім көрмей, жағдайым нашарлағаннан кейін Нұрбол досыма хабарластым. «Мені біреулер ұрып кетті, алып кете аласың ба» деп өтіндім. Ол келетінін айтты, — деді ол.

Дархан Әскентай Шерзаттың анасына балағат сөз айтқанын жоққа шығарды.

Мен Шерзаттың анасына балағат сөз айтпадым. Оған анасынан боқтайтындай мен 2018 жылы анамнан көз алдымда айырылғанмын. Бір жағы жағдайым да, денсаулығым да жоқ, — деді ол.

Сонымен қатар сотталушының айтуынша, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов оған ешқандай көмек ұсынбаған.

Қаржаубай «ақшаңды берем, ешкімді шақырма, ұрма, соқпа» деген әңгіме болған жоқ. Досым (Н.Тоқтаубаев) келгеннен бастап «аға, аға» дегеннен басқа ештеңе деген жоқ. «Неге жедел жәрдем шақырмайсыздар, мен алып кетуге келіп тұрмын» деді. Бұл жерде ақша туралы әңгіме болған жоқ, — деді сотталушы.

Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.

Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.

9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. 

2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да