Жазушы Әкім Тарази қайтыс болды. Бұл туралы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті хабарлап отыр.
Қазақ әдебиеті мен өнері орны толмас ауыр қайғыға ұшырады. Бүгін көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның еңбек ері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Әкім Үртайұлы Таразидің дүниеден өткенін күйзеле отырып хабарлаймыз, – делінген хабарламада
Қасым-Жомарт Тоқаев Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – деп жазылған жеделхатта.
Әкім Тарази – жазушы, драматург, сценарист. Ол 1933 жылғы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Жазушының «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» деген шығармалары көпке танымал. Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында қайтыс болды.