Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған.
Заңға мынадай өзгеріс енді:
- Уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жетістік көп спор түрлері тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды.
- Басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері.
- Спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ереже жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді.
- Шетелден келген легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
- Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жетістік жоғары спортқа (оның ішінде спорттың басым түрлеріне), мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа және спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
- Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықты сіңіруді көздейтін бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді.
- Уәкілетті органға допиңге қарсы ережені бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеті беріледі.
Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.