Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 694,7 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақыға – 224,5 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 470,2 миллиард теңге қарастырылды.
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 455 мың адам. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 800 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 96 117 теңге, базалық зейнетақы – 47 683 теңге.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ке, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ке, яғни инфляция деңгейінен 2%-ке оза отырып ұлғайтылды.
Бұдан басқа мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-не дейін, ең жоғары – 120%-ке дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.