Қазақстанда заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырған әйел адам Әзербайжанға қашып кеткен жерінен ұсталып, елге жеткізілді.
Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.
Бас прокуратура мен қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ҚР Әзербайжандағы елшілігінің көмегімен Қазақстан азаматшасын заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады.
Ол 2023 жылы Алматыда адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, сол үшін аса ірі көлемде пайда тапты деген күдікке ілінген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланды. Осы жылдың қаңтарында ол Баку қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — делінген хабарламада.