Қазақстаннан бензин шығаруға тағы алты айға тыйым салынды. «ҚР аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» жаңа бұйрықты энергетика министрлігі дайындады.
Құжат талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
29 наурыздан бастап енгізілуі мүмкін тыйым алыс шетелге ғана емес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге де (бұрын келісімшарт жасалған көлемдерді қоспағанда) қолданылады.
Жанар-жағар майды автомобиль көлігімен әкетуге болмайды (бұл жанармай бактарында әкетуге қатысты емес). Гуманитарлық көмек көрсету аясында мұнай өнімдерін әкету (үкіметтің шешімі бойынша) және ғылыми қызмет үшін үлгілерді әкетуге рүқсат бар.
Қазақстандық мұнай өнімдерін теміржол арқылы да экспорттауға тыйым салынады (жеткізу жоспарларына сәйкес және гуманитарлық көмек көрсету шеңберінде бензин шығаруды қоспағанда).