Қазақстан спортшылары Азиада ойындарында 20 медаль жеңіп алды. Оның 4-уі алтын медаль, 9-ы күміс медаль, 7-уі қола медаль. Сөйтіп еліміз ойынды 4-орынмен аяқтады.
Бірінші орында Қытай құрамасы тұр. Қытай спортшылары 32 «алтын», 27 «күміс», 26 «қола» жеңген. Екінші орында 45 медаль алған Оңтүстік Корея тұрса, үздік үштікті 37 медаль жеңген Жапония түйіндеді.
Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласы мен Ябули тау-шаңғы курортында 7-14 ақпан аралығында өтті. Қазақстан құрамасы жарысқа спорттың 10 түрінен қатысты. Азия ойындарында біздің 137 спортшымыз сынға түсті.
Алтын медаль алғандар
Қоржынға алғашқы алтын медальді шорт-тректен ерлер құрамасы салды. Қазақстан атынан эстафеталық жарысқа Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен қатысты. Бір айта кетерлігі, Қазақстан шорт-тректен тарихта алғаш рет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алып отыр.
Екінші алтында фристайл-акробатика сынында Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов әкелді. Спортшылар фристайл-акробатикадан ерлер арасында синхронды секіру жарысында 97.92 ұпай жинап, үздік болған.
Биатлоннан Қазақстан ерлер құрамасының спортшысы Владислав Киреев те алтын алды.
Ерлер арасында биатлоннан 10 шақырым спринт додасына Әсет Дүйсенов, Владислав Киреев, Вадим Куралес және Александр Мухин қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша, Владислав Киреев 9 минут 40.3 секунд нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Вадим Куралес мәре сызығын екінші кесіп, ел қоржынына күміс жүлде сыйлады. Әсет Дүйсенов пен Александр Мухин мәреге 6-7 болып жетті.
Азиада ойындарының соңғы күні хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Жапония құрамасымен күш сынасып, чемпион болды. Гол салғандар: Андрей Буяльский (2 гол), Роман Старченко, Кирилл Панюко (2 гол). Сөйтіп, Қазақстан ерелер құрамасы қысқы Азия ойындарында топтық кезеңді қоса алғанда барлық қарысыласын жеңіп, алтын медаль алды.
Күміс медаль алғандар
Азияда ойындарының бірінші күні шорт-тректен Қазақстан құрамасы аралас эстафетадан күміс медаль алды. Шорт-тректен аралас эстафетада ел намысын Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Малика Ермек қорғады.
Бұл жеңістің артынша конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 100 метр қашықтықта екінші болып келді. Ол тек қытайлық Гао Тиньююға жол берді. Үздік үштікті Оңтүстік кореялық Джун Хо Ким түйіндеді.
Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасы 3000 метрлік қашықтықтағы эстафетадан күміс медаль жеңіп алды. Финалда ел намысын Ольга Тихонова, Малика Ермек, Алина Әжғалиева және Яна Хан қорғады.
Шаңғы жарысынан әйелдер командасы арасындағы эстафетада қоржынға күміс медаль түсті. Жарыс жолына Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина (классикалық әдіс), Ангелина Шурыга мен Надежда Степашкина (еркін әдіс) шыққан еді.
Биатлоннан ерлер құрамасы да күміс медаль жеңіп алды. Ерлер арасында 7.5 шақырымға сырғанаудан командалық эстафетада Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр және Владислав Киреев ел құрамасы сапында сынға түскен еді.
Аралас командалар арасындағы Қазақстан фристайлшылары да мойнына күміс медаль тақты.
Шаңғышы Константин Борцов Азия ойындарында классикалық стильдегі спринт жарысында екінші орын алды. Әуелде Борцовқа үшінші орын берілген. Алайда жапондық спортшы Харуки Ямашитаның «жарысқа тыйым салынған материалдарды қолданғаны» үшін жарыстан шеттетіліп, біздің спортшымызға күміс жүлде бұйырды.
Ойынның соңғы күні Қазақстанның хоккейден әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлдегері болды. Ел спортшылары Оңтүстік Кореямен болған шешуші кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Қола медаль алғандар
Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан үшінші орын алды. Финалда спортшы секіруден төрешілердің шешімі бойынша 76,54 ұпай жиып, қола медаль жеңді.
Конькимен жүгіруден Қазақстан әйелдер құрамасы командалық спринтте үшінші орынға ие болды. Қола медальді Надежда Морозова, Кристина Силаева және Дарья Важенина әкелді.
Шаңғышы Олжас Климин шаңғы жарысынан (10 км) еркін стильде сынға түсіп, жарыс қорытындысы бойынша «қола» жүлдеге қол жеткізді.
Отандастарымыз Ардана Маханова және Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан әйелдер арасында синхрон секіру сынында 59.16 ұпай жинап, «қола» алды.
Шаңғышылар ерлер арасындағы шаңғымен сырғанаудан эстафета жарысынан да үшінші келді. Жарыс жолына қазақстандық спортшылардан Олжас Климин, Владислав Ковалев, Константин Борцов және Наиль Башмаков шықты. Қортындысында отандастарымыз 1 сағат 12 минут 54.7 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын үшінші болып кесті.
Қазақстандық биатлоншы қыздар қысқы Азиаданың «қола» жүлдесін еншіледі. Әйелдер арасында 6 шақырымға эстафетадан ел құрамасы сапында Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова және Елизавета Белецкая жарыс жолына шықты. Жарыс қортындысында Қазақстан қыздар құрамасы 1 сағат 30 минут 01.9 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын үшінші болып кесті.
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Азия ойындарынан үшінші орын алды. Мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада 169,26 ұпай жинады. Жалпы ұпай саны – 246,01.
Спортшылар мен олардың жаттықтырушысы қанша сыйақы алады?
Азиада ойындарынан алтын алған спортшыға 10 мың доллар, күміс медаль таққан сопртшыға 5 мың доллар, ал қола жүлде бұйырған спортшыға 3 мың доллар сыйақы беріледі.
«Алтын» алған спортшының жаттықтырушысына 5 мың доллар, күміс жүлде алған спортшының жаттықтырушысына 3 мың доллар, қола медаль алған спортшының жаттықтырушысына 2 мың доллар сыйақы табысталады.