Қазақстан азаматтары бұрын алған колледж дипломдары мен мектеп аттестаттарын eGov.kz порталында цифрландыра алады.
Бұл туралы «ҰАТ» АҚ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
eGov.kz порталында білім туралы құжаттарды цифрландыруға арналған қызмет қосылды. Енді азаматтар қате деректерді түзетіп қана қоймай, құжаттың цифрлық нұсқасын жасауға өтініш бере алады. Қызмет бұрын алынған дипломның немесе аттестаттың сканерленген көшірмесі болса ғана жүзеге асады.
«Білім туралы құжаттардағы мәліметтерді жаңарту (түзету)» мемлекеттік қызметі кеңейтілді. Бұрын бұл қызмет тек қате мәліметтерді түзетуге мүмкіндік берсе, енді білім туралы құжаттарды цифрландыруға өтініш беру мүмкіндігі қосылды.
Қызметті пайдалану үшін:
- eGov.kz порталына тіркеліп, «Азаматтарға» — «Білім» бөлімін таңдау керек;
- «Білім туралы құжаттардағы мәліметтерді өзектендіру (түзету)» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу қажет;
- «Білім туралы құжаттар туралы ақпаратты цифрландыру» қызметін таңдап, білім туралы құжаттың түрін көрсетіп, құжаттың сканерленген көшірмесін тіркеу керек;
- қызметтің нәтижесі қолданушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде тұр.
Құжаттарды цифрландыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта 1980 жылдан 2023 жылға дейін берілген орта білім, техникалық және кәсіби білім беру құжаттарын цифрландыруға болады. Қызмет көрсету уақыты — бес жұмыс күні. Ұсынылған құжаттар немесе деректер қате болса, қызмет көрсетілмеуі мүмкін, — делінген хабарламада.
Қызметтің жаңартылған функционалы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР оқу-ағарту министрлігі және «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.