Басты бетЖаңалықтарБиыл әлеуметтік-еңбек...

Биыл әлеуметтік-еңбек саласына арналған бюджет шығыны 14% өсті

2025 жылы әлеуметтік-еңбек саласына арналған республикалық бюджет шығыны 6 триллион 108 миллиардтан астам теңге болды, бұл 2024 жылғы шығыстан 14% немесе 748,7 миллиард теңгеге артық.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Көзделген шығынның 97,9%-і немесе 5 триллион 982 миллиард теңгесі азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталады.

Оның ішінде 4 триллион 262 миллиард теңге зейнетақымен қамсыздандыруға қарастырылған, бұл шамамен 2,5 миллион зейнеткерді қамтуға мүмкіндік береді (саны 77,8 мыңға өскен), 1 трлн 720 миллиард теңге – барлық жәрдемақыны төлеуге, бұл шамамен 2,3 миллион адамды қамтуға мүмкіндік береді, — деп жазылған хабарламада.

Қалған қаражат халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыруға, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға және тағы басқа бағытталады.

Айта кетері, қазіргі кезде республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 2024 жылы жәрдемақы мен зейнетақы төлеуге 4,5 миллион адамға, оның ішінде 2,4 миллион зейнеткер мен 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 5 триллион 261 миллиард теңге жұмсалды.