Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Құқықтық мәдениетті арттыру басты назарда

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмысты болдырмаудың аса маңызды шарты. Осы тұста халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру өзекті.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының барлық аймақтарында осы бағыт­та түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Соның бір мысалы, «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық іс-шара. Өңірде бұл акция жиі ұйымдастырылып тұрады. Тәулік бойы тыным таппай, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын қызметтің бірі – ювенальды полиция. Инспекторлар үнемі атааналар және оқушылармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, еліміздегі заң нормаларын түсіндіреді. Әрі түнгі мезгілде жүретін жеткіншектерді бақылауға алып, олармен жұмыс жүргізеді.

Полиция инспекторларымен бірге, біз де рейдке шығып, түнгі қалада заңсыз жүретін балаларды тексеріп қайттық. Полиция іс-шараның алғашқы тәулігінде 276 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуының 235 фактісі анықталды. Бұдан басқа, 25 ата-анаға қатысты балаларды тәрбиелеу жөніндегі талаптарды тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сон­дай-ақ «Ұсақ бұзақылықтың» 9 фактісі жойылды. Қоғамдық орында мас күйінде жүрген жасөспірімдердің 5 фактісі анықталды. Құқық бұзушылық жасауға бейім 14 жасөспірім мен қолайсыз 11 отбасы профилактикалық есепке алынды. Жалпы, тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 100 ден астам кәмелетке толмағандар мен 120 қолайсыз отбасы тексеріліп оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Бексұлтан Ташимовтың айтуынша, «Түнгі уақыттағы балалар» жедел профилактикалық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Аталған шараның басты мақсаты қала тұрғындарының құқықтық санасын қалыптастырып, құқықтық мәдениетін арттыру. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға түнгі сағат 23:00-ден таңғы 6-ға дейін ата-анасының және оған құқы бар заңды өкілдердің қарауынсыз ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүруге болмайды. Ол үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады». Сағат тілі 23:00 шамасында арнаулы инспекция өкілдерімен бірге Түркістан қаласынан басталған түнгі рейд барысында бірқатар оқиғаларға куә болдық. Бұл күні рейдке бірнеше қызметтік көлік жұмылдырылды. Ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда, жастар көп жиналатын ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау жұмыстарын жүргізді.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді әсіресе компьютерлік ойын-сауық орталықтарынан жиі кезіктірдік. Мәселен, Түркістан шаһарында орналасқан компьютер клубы маңынан 9 сыныпты бітіріп колледжге түскен студентті тоқтаттық. Ол өзінен екі жас үлкен ағасымен бірге жүргенін айтып ақталды. Алайда, мұндай жағдайда аға-апа, туған-туыстың кәмелетке толмаған баланың әрекетіне жауап беруге құқы жоқ. Себебі, ол туысына баланың ата-анасы сенімхат беруі қажет. Сенімхаты болмаған туысы балаға жауап бере алмайды. Осы мәселені көпшілік тұрғындар ескермейтін көрінеді. Сағат түнгі 12-нің шамасында біз шаһардағы жастар жиі баратын ойын-сауық орталықтарының біріне бет алдық. Ұсталған жасөспірімдер ішкі істер бөліміне жеткізіліп, ата-аналары шақыртылды. Олардан түсініктемелер алынып, ескертулер берілді. Бұл жағдайда ата-аналардың көпшілігі, баласының кино көруге кеткенін немесе досының үйіне қонуға сұранғанын айтып ақталуда.

Көрсеткіш төмендеген

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары жиі-жиі өткізіліп тұрады. Осындай шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері өңірдегі жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеген. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 87 жасөспірім, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Соттың қаулысымен Жамбыл облысы Тараз қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп интернатына 5 жасөспірім жатқызылды. ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігімен, яғни кәмелетке толмағанның алкоголь ішімдігін ішу немесе мас халде жүруі бойынша 12 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен (түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған) 198 балаға әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 133-бабымен (кәмелетке толмағандарға темекі бұйымдарын сатқан) 8, ал ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабымен алкоголь өнімдерін сатқан 28 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген) 104 мекеме иелеріне әкімшілік іс-құжаттар жинақталып заңды шешім қабылданып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына 148 іс-құжаттар жолданып, комиссия отырысында қаралды.

Ағымдағы жылдың 6 ай қорытындысымен Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар – 11,6 пайызға, яғни, 69-дан 61-ге төмендеген. Жалпы орын алған 61 қылмысты жасауға 60 кәмелетке толмағандар қатысқан, оның 34-і мектеп оқушысы, 21-і колледж, 5-уі ЖОО студентердің үлесіне тиіп отыр. Жас мөлшері бойынша, 14-15 жастағылар – 18, 16-17 жастағылар – 44 қылмысқа қатысқан. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген қылмыстардың арасындаға өршіп тұрған өзекті мәселе, кәмелет жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау, ерте жүктілік (ҚР ҚК-нің 120, 121, 122 және 124-баптарымен 38 қылмыс) және жасөспірімдердің өзіне өзі қол жұмсау деректері (ҚР ҚК-нің 105-бабы 49 қылмыстық іс) бойынша қылмыстық іс орын алмады, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция капитаны Бексұлтан Ташимов.

Түркістан қалалық емханасының психологы Бағила Бимендиеваның айтуынша, қазіргі уақытта балалар арасында вандилизм, қатыгездік, ұрлық, тонау, қарақшылық, ұлтшылдық пропагандасы, зорлық-зомбылық, қоғамдық орындарда психотроптық немесе алкогольдік ішімдік әсерінің салдарынан орын алатын қылмыстар да бар. Ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайлылығы, алкогольдік ішімдікке бейімдігі, үлкендердің тарапынан көрсетілетін қысым, материалдық тапшылық және тағы да басқа әрекеттер бала психологиясына әсер етеді. Ал, екіншіден ақпарат құралдарында көрсетілетін жан түршігерлік оқиғалар, сонымен қатар балаларға әлеуметтік желі де кері әсер етеді. Үшіншіден, баланың араласатын ортасы, достары. Сол үшін баланың бос уақытында немен шұғылданып, кіммен араласатынына жіті мән берген дұрыс. Балалар арасында қылмыстың алдын алу және жол бермеу үшін бала тәрбиесін өзімізден бастауымыз керек. Ересек адамдар құқық бұзбай заңға бағынып, заңға қайшы келген адамның қандай қателікке ұшырайтынын баланың құлағына құйып отырғаны абзал», – дейді психолог маман Бағила Рахманбердіқызы.

Бала тәрбиесі ананың құрсағынан басталады. Бала тәрбиесі отбасының жылылығына саяды. Отбасындағы тәрбие ұлағатты істің бірі. Ал, осы ұлағатты ұғындыру ең алдымен ата мен ананың міндеті.

Мақалаға реакция