Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда адамды...

Қазақстанда адамды бет-әлпетінен танитын камералар орнатылды

Адамды бет-әлпетіне қарап танитын камера Қазақстанның екі қаласында іске қосылды. Бұл Polisia.kz хабарлап отыр.

Бұл инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленді. Ұлттық бейнемониториң жүйесі іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалып кеткен заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша анықтай алады.

Жүйе өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мысалы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сонымен қатар есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік берді. Бұл жүйенің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталды.

Инновациялық жоба Алматыда да жүргізіліп жатыр. Мегаполисте күдікке ілінген 30 адам анықталып, құрықталды.

Енгізілген технологиялар – ақылды қалаларды құруға жасалған қадам. Олар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қылмысты азайтуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді қолданылады. Алдағы уақытта камералар санын ұлғайта отырып, бейнемониториңді кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең-кезеңімен жүргізіледі, — делінген хабарламада.