Басты бетЖаңалықтарҚазақстан мен...

Қазақстан мен Вьетнам сотталған адамдармен өзара алмасады

Сенат мәжіліс қабылдаған Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады.

Сенатор Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, қылмыстық салада халықаралық шарттар үш бағытты қамтиды. Біріншісі – қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, екіншісі – қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру, үшіншісі – сотталған адамдарды беру туралы.

Бұған дейін  2017 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасында құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы екі шарт жасалып, екі тараппен де ратификацияланған. Бүгінгі заң үшінші бағытты реттейді. Келісімшартқа 2023 жылғы 21 тамызда Ханой қаласында қол қойылған болатын. Бұл шарттың мақсаты – екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайту және сотталған адамдардың қоғамға қайта араласуына көмектесу, – деді ол.

Депутат келтірген деректер бойынша, 2020 жылдары мыңға жуық Қазақстан азаматы Вьетнамға барса, ал биылғы жылдың 9 айында мұндай азаматтардың саны 106 мыңға дейін өскен.

Бюрократиялық кідірістерді болдырмауға және беру процесінде жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында тиімді өзара әрекеттесу үшін жауапты орталық органдар ретінде Қазақстан тарапынан бас прокуратура, Вьетнам тарапынан қоғамдық қауіпсіздік министрлігі айқындалған. Шарттың негізгі ережелері  негізінде сотталған адамды беру шарттары және ол үшін талап етілетін құжаттар тізімі реттеледі. Сотталған адамды беру келесі шарттар болған жағдайда жүзеге асырылады. Сотталған адам қабылдаушы тараптың азаматы болуы қажет. Адам қабылдаушы тараптың да ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып табылатын іс-әрекеттер үшін сотталған болуы керек. Беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енген және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде бір жылды құрайтын болуға тиіс, – деді Наурызбай Байқадамов.

Бұдан бөлек сотталған адамның жазбаша келісімі болуы керек және екі тарап та беруге келісуі керек.