Қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдер Азия чемпионатынан алтын жеңіп алды

Альберт Линдер 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (148+187) Азия чемпионы атанды. Екінші орын КХДР спортшысына (148+183) бұйырса, үздік үштікті қытайлық ауыр атлет (155+170) тұйықтады.

Біріншіліктің алғашқы күні әйелдер сынға түсті. 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақстандық Әсем Садықова бесінші орынға табан тіреді (92+117). Сәуле Сәдуақасова (58 кг дейін) жетінші орыннан көрінді (86+111). Ал Әсел Амангелді алтыншы орынды (70+93) қанағат тұтты.

21 жастағы талдықорғандық Альберт Линдерді Сергей Седов жаттықтырады. Алғашқы алтынын 2013 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында жеңіп алған еді. Ал 2014 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, 10 орынға табан тіреді.

Айта кетсек, Азия чемпионаты Ашхабад қаласында 23 сәуірде басталды. Қазақстан құрамасының құрамына тоғыз спортшы кірді: Альберт Линдер ( 69 кг), Айдар Қазов (77 кг), Семён Линдер (85 кг), Ибрагим Берсанов (105 кг), Әсел Амангелді (53 кг), Сәуле Сәдуақасова (58 кг), Әсем Садықова (63 кг), Майра Файзуллаева (69 кг), Александра Аборнева (90 + кг).

ДереккөзBaq.kz