Республика күні қарсаңында Хан Орда, Сайқын ауылдарының бірқатар тұрғыны баспаналы болды.
Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлап отыр.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов мерекеге орай Хан Орда ауылына арнайы барып, әлеуметтік осал топтарына және мұқтаж жандарына арналған екі пәтерлі баспананың кілтін табыстады.
Су жаңа бұл үйлердің құрылысын іске асырған жергілікті кәсіпкер Мейрамбек Шүкірғалиев. Баспана құны — 32 млн теңге. Үй баспана мұқтаждығымен кезекке алынған Гүлсара Жұмағалиева мен Айдана Қарашеваға бұйырды.
Нұрлыбек Жасқайратұлы ауыл тұрғындарын Республика күні мейрамымен құттықтап, баспана иелерінің қуанышымен бөлісті.
Құрметті қоныс иелері! Жаңа баспана — бұл жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің бастауы. Құтты қоныс болып, ойлаған барлық жоспар- мақсаттарыңыз орындалсын, — деген аудан басшысы ауыл ақсақалы Ахметкерей Салауатовпен бірге лента қиып, рәсімін жасады.
Жаңа қоныстың қожайыны Гүлсара Жұмағалиева «Жергілікті атқарушы органдар арқасында баспаналы болдым» деп, аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен ауыл әкімі Әлібек Айтқалиевке ақжарма тілегін жеткізді.
Мерекелік шара баспана ауласында терек отырғызу рәсімімен аяқталды.
Дәл сондай екі пәтерлі баспаналар аудан орталығы Сайқын ауылында да табысталды.
Бүгін, міне, ұлтымыз үшін ұлық мереке қарсаңында бір топ жерлестеріміз жаңа баспанаға ие болып, қоныс тойын тойламақшы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің әр өңірінде әлеуметтік жағынан осал топтарға арналып жаңа баспаналар бой көтеріп жатыр. Биылғы жылдың өзінде ауданымызда жаңадан салынған 22 пәтердің кілттері табыс етілмекші. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз келесі жылдары жалғасын табады.
Елімізде көптеген бағдарламалар, жобалар іске асырылып жатыр, соның бірі бүгінгі мемлекеттен қолдау, әлеуметтік осал топтары санатына жататын отбасыларға, көпбалалы аналарға пәтерлердің кілттері табысталып жатыр.
Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі — халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамту. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік осал топтары санатына жататын көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мемлекеттің бастамасымен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналып «Наурыз», «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл мемлекеттік қолдаудың айқын дәлелі, жүргізілген оң саясаттың жемісі деп білемін.
Жаңа үйлерді тұрғындарымыздың жаңа ұясы ғана емес, сонымен қатар ауылдарымызға әр беріп қана қоймай, көшелеріміздің келбетін де көріктендіретін әсем нысандар деп білемін, — деген аудан басшысы баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
Бұл күні Данагүл Ғайноллина, Гүлайым Темірболатова, Айгүл Ырзағалиева және Жадыра Қарағойшина сияқты азаматшаларымыз баспаналы болды.