Басты бетЖаңалықтарТүркістан: Жетісайда...

Түркістан: Жетісайда Бүкіләлемдік тазалық күніне орай ауқымды сенбілік өтті

Жетісай ауданының аумағында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің тапсырмасына сәйкес «Бүкіләлемдік тазалық күні» (World Cleanup Day 2024) аясында ауқымды сенбілік өтті.

Бұл сенбілікке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан, кәсіпкерлік нысандар мен еріктілерден 1400-ге жуық адам қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Негізінен жетісайлықтар облыстық және ауданаралық автомобиль жолдарының бойлары мен көппәтерлі тұрғын үйлердің, саябақтар мен скверлердің, гүлзарлар мен тұрғындар жиі жүретін аймақтарға жасаған санитарлық тазалық жұмыстары барысында 40 тоннаға тарта қатты тұрмыстық қалдықтар шығарды.

Біз бүгінде аудан әкімі Серік Үсенұлының тапсырмасымен әр аптада сенбіліктер өткізіп, қоқыс тазалауды емес, керісінше сол қоқыстарды болдырмаудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Жер-жерлерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, ауыл, көше билерімен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге үнпарақшалар ілудеміз. Көшелерге бейнебақылау камераларын орнатып, белгіленбеген орындарға қоқыс тастағандарға айыппұлдар салынуда, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов.