Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында, Ақсукенттің орталығында орналасқан «Дендросаябақта» сенбілік жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, «Жастар ресурстық орталығының» жастары, жалпы 440-тан аса адам қатысты.
Сенбілік барысында «Дендросаябақтың» сәнін бұзатын сарғайған шөптер мен қураған ағаш бұтақтарын қырықты. Сондай-ақ тұрғындардың жүруіне кедергі келтірмес үшін жолдар мен жиектерін артық шөптерден арылтты. Жан-жақтағы бейберекет тасталған күл-қоқыстарды жинады.
Аталған аумақтың санитарлық тазалығын күтіп сақтау және көріктендіру жұмыстары барысында 4 техниканың көмегімен 6,3 тонна қоқыс арнайы орынға жеткізілді.
Аталған бағыттағы бұл жұмыстарды сайрамдықтар алдағы уақытта да тұрақты жүргізетін болады.