Басты бетЖаңалықтарЕкібастұзда екі...

Екібастұзда екі жасөспірімді белгісіз біреулер соққыға жығып кеткен

Екібастұзда екі жасөспірімді белгісіз біреулер соққыға жығып кеткен. Зардап шеккендердің бірі реанимацияда жатыр. Ал полиция осы оқиғаға қатысты тергеуді бастады.

Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлап отыр.

Кәмелетке толмаған зардап шегушінің туыстарының айтуынша, оны досымен бірге 29 қыркүйекте кешкі сағат 6-дан 7-ге дейін №21 мектептің жанындағы бос жерде ұрып-соққан.

Менің жиенімді аяусыз ұрып кеткен. Біз оны досымен бірге есі кіресілі-шығасылы қалпында 00.30-да таптық. Сіздерден осы қылмыскерлерді іздеуге көмектесулеріңізді сұраймын немесе егер осы уақытта немесе осы шағын ауданда күдікті адамдарды көрген болсаңыз, жауап берсеңіздер екен. Қазір ол реанимацияда, — деді туысы.

Павлодар облысының білім басқармасының ақпараты бойынша, екеуі де Екібастұз колледжінде оқиды.

2024 жылғы 29 қыркүйекте екі кәмелетке толмаған бала әртүрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап, тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.

Тергеу туралы ақпарат полицияда расталды.

Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық жағдайлар анықталып жатыр, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.