Астанадағы Жетісу саябағында Canadian International School Astana мектебі оқушылар мен ата-аналар және мұғалімдердің басын қосып, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.
Канада халықаралық мектебінде JUNO эко-арт клубы белсенді түрде жұмыс істейді. Клуб мүшелері саябақтағы құстарға жем салатын үйшіктер мен астауларды орналастырып шықты. Белсенділер жыл сайын табиғатты қорғауға бағытталған арнайы жобаларын жүзеге асырып, елордадағы табиғатты қорғауға ниетті.
Астанадағы Канада халықаралық мектебінің директоры Дмитрий Зеброфф балалардың шығармашылық және экологиялық жобалары басты назарда екенін атап өтті.
«Оқушыларымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан құсқа жем салатын үйшіктерді орналастыру идеясы экологияны сақтауға бағытталған. Мақсатымыз — табиғатты, жануарлар мен құстарды қорғауда белсенділік танытып, бүкіл әлемдегі және Қазақстандағы проблемаларға үн қосу. Мектеп басшылығы студенттердің идеясын бірден қолдады. Себебі, мектебімізде білім алатын балалардың академиялық білімін ғана арттырмай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, қоғамдағы азаматтық белсенділігін арттырғымыз келеді», — дейді Дмитрий Зеброфф.
11-сынып оқушысы Саида Кокушева жем салғыштарды қалай жасағанын айтып берді.
«Құстарға суық мезгілде жемді оңай табуға көмектесу үшін біз ұялар мен жем салғыштар жасап, орнатуды ойластырдық. Интернеттен фанерадан жем салғыштарды жасау бойынша қызықты мастер-класс таптық, солай өз қолымызбен жасап шықтық. JUNO эко-арт клубымызда біз әртүрлі экожобалармен айналысамыз, себебі қоршаған ортаны сақтау, экология мәселелері және экологиялық білім беру – бұл адамдардың назарын аударып, айтылуы қажет маңызды тақырыптар деп санаймыз», – дейді Астана қаласындағы Канада Халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Саида Кокушева.
Әрі қарай жиын қатысушылары канадалық Тэрри Фоксты еске алуға арналған жүгіру марафонына қатысты. Бұл іс-шараның Канада халқы үшін маңызы зор. Себебі, канадалықтардың ұлттық тұлғасына айналған Терри Фокс қатерлі ісік ауруына қарсы күресте қайсарлық танытып, барша әлемнің назарын аударған.
«Терри Фокс қоғамда қатерлі ісікке қатысты зерттеулерге назар аудартып, әртүрлі акцияларға бастамашыл болған канадалық белсенді. Біздің мектебіміз екінші жыл қатарынан оның құрметіне арналған акцияны ұйымдастыруда. Бүгінгі акциямызға қатысушылар қатерлі ісікпен күресіп жүрген науқастарды қолдау мақсатында қаржы аудара алады. Дәрігерлер Терри Фоксқа 19 жасында қатерлі ісік диагнозын қойып, аяғын кесуге тура келді. Бірақ ол сағын сындырмай, қатерлі ісік ауруын зерттеуге қаржы жинау үшін Канаданың шығысынан батысына қарай марафон жүгіруге тырысты. Марафон 1980 жылы сәуірде Ньюфаундлендте басталды. Сол жылдың 1 қыркүйегінде жүгіруді тоқтатуға мәжбүр болды, өйткені қатерлі ісік оның өкпесіне таралып кеткен еді», — деді мектеп директоры.
1981 жылы 28 маусымда Терри Фокс қайтыс болды, бірақ оның жанкешті әрекетінің арқасында онкологиялық зерттеулерге 24 миллион доллардан астам қаражат жиналды.
«Ол ауруханада жатқанда өзі секілді қатерлі ісікке шалдыққан науқас балалар мен жасөспірімдерді көргенде көмегін тигізгісі келді. Күн сайын ауа-райына қарамастан 42 шақырымды артта қалдырды. Бүгінгі шара қатерлі ісік зерттеулерін қолдау және одан зардап шеккендерге көмек көрсету миссиясының жалғасы. Астанада канадалық дәстүрді жалғастырғанымызға қуаныштымыз», — деді мектеп директоры.
Канаданың Қазақстандағы елшісі Кристофер Дагган да шара қонақтары мен қатысушыларына жылы лебізін білдірді. Ол аталмыш мектептеканадалық білім стандарына сай білім берілетінін атап өтті.
«Қазақстандағы Канада халықаралық мектебі оқушыларға екі түрлі стандартқа сай аттестат ұсынады. Яғни, мектепті бітірушілер канадалық білім стандарттары бойынша білім алып шығады. Қазақстандық жастардың канадалық білім алуға қызығушылық танытқанына қуаныштымын. Өткен жылдың нәтижесі бойынша Астанадағы Канада халықаралық мектебінің оқушылары жоғары академиялық көрсеткіштерге қол жеткізді. Терри Фокс тұлғасының батылдығы мен қайсарлығын ұмытпай, оның қосқан үлесін ескеріп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бүгінге дейін әлемдегі әртүрлі марафондарға қатыстым, бірақ бүгінгі шара ерекше. Онкология саласындағы зерттеулерді қолдау қашан да маңызды. Терридің «Егер сен өзіңе сенсең, барлығы мүмкін. Ең бастысы, байқап көру керек» деген сөзін еске саламын. Канаданың ұлттық тұлғасына лайықты құрмет көрсетілгеніне қуаныштымын», — деді Канада елшісі.