Қазақстанның көкпар федерациясы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы қазақ-қырғыз арасындағы пікірталасқа қатысты пікір айтты.
Қырғызстан көк бөрү федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы: көпшілік бұны 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырса, диалог жүргізуге әзірміз, — деп жазылған федерацияның Instagram-парақшасында.
Айта кетерлігі, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді.
Финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылай, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді, — делінген ақпаратта.
Айтулы жеңіске қол жеткізген спортшылар мен бапкерлер құрамы бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұған дейін Қырғызстан Қазақстанға көкпардан реванш өткізуді ұсынғанын жазған едік.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қыркүйекте V дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары кездесіп, Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен.