Алматы прокуратурасы 2023 жылғы 30 қарашада 13 адамның өмірін қиған жатақханадағы қайғылы өртке қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады. Іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Kazinform хабарлап отыр.
Прокуратура мәліметінше, бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігінде қарастырылған (Өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға жауапты адамның оларды бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
Екі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Айыптау актісі бар қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына жіберілді, — деп жауап берген қала прокуратурасы.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша, тергеу мүддесі үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 30 қараша күні сағат 05.33-те Әди Шәріпов көшесіндегі хотсел өртеніп, 13 адам қаза болған еді. Екеуі ауруханаға жеткізілген.
Кейін 13 адамның кім екені анықталды.
Өртке қатысты қылмыстық іс тіркелді.