Қазақстан футболы құрылымында маңызды өзгеріс: 2025 жылдан бастап Премьер-лига қатысушыларының құрылымында әйелдер командасы болуы қажет. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлап отыр.
УЕФА жарыстарына қатысатын барлық команда үшін әйелдер командасын ашу туралы шешім 2024 жылы Дублинде (Ирландия) өткен УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында қабылданды. Бұл шешім әйелдер футболын дамыту және насихаттауға бағытталған.
Осыған сәйкес, Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитеті футбол клубтарын лицензиялау ережесіне өзгерту енгізді. Бұған әйелдер командалары арасында «QFL Әйелдер лигасы» футболдан ҚР Чемпионатына қатысатын әйелдер командасын құру туралы шешім де кіреді. Жаңа ереже 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, — делінген хабарламада.
Бұл шешім — Қазақстан футболын 2034 жылға дейін дамыту стратегиясының бір бөлшегі. Федерация, мұндай шешім арқылы Қазақстандағы әйелдер футболының жағдайын дамытып қана қоймай, спортшы қыздар үшін тең мүмкіндік сыйлап, халықаралық аренада еліміздің позициясын нығайтуға күш салынады.