Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік қаржыландырудан бас тартты

Бұл туралы федерацияның бас хатшысы Азамат Айтхожин айтты.

Ең алдымен отандық жанкүйерлерден Франциямен ойын кезіндегі сәтсіздік үшін кешірім сұрағым келеді. Әрбір жеңіліс біздің өн бойымыздан өтеді. Жетекші футболшылардың үлкен тобын жоғалтып алғаннан кейін Парижде оңтайлы құраммен ойнай алмағанымызды айтып өтейін, — деді Азамат Айтхожин.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты – 2022 іріктеу кезеңінде Франциядан 0:8 есебімен ұтылды.

Азамат Айтхожинның айтуынша, қазір бізде ұлттық құраманың резерві жоқ. Команда жетекшілерін алмастырған ойыншылар әлі халықаралық деңгейде ойнауға дайын емес.

Көпшіліктің сынына келсек, ашық айтайын: кейінгі екі жылда Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік бюджеттен 200 миллион теңгеден алды, ол әртүрлі құрама үшін халықаралық жарыстарға – жасөспірімдер (U17, U19), жастар U21, Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, ұлттық, жағажай, сондай-ақ футзал құрамаларының дайындығына бағытталды. Миллиард бөлінді деген қайдан шықты?, — деді федерацияның бас хатшысы.

Оның айтуынша, келер жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылым есебінен қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА қаражаты, сондай-ақ демеуші тарту есебінен қаржыландырылады.

Сондықтан ұлттық құраманың сәтсіздігінен кейін өзіне жарнама жасағысы келетін сыншылар мен популистерге айтарым, не болса соны айтпас бұрын мәселенің мәнін түсінуге тырысыңыз. Біздің елде футбол болды және бола береді. Бұл миллиондаған адам жанкүйер болатын нөмірі бірінші спорт түрі. Әрине, оны жаңа деңгейге шығару үшін жылдар және көпшіліктің қолдауы қажет. Құрама жеңіске жеткен кезде жігіттерге қарата айтылған сөздеріңізді ұмытып кетесіздер. Артынша оларды үнемі қолдадық дейсіздер. Сондықтан жеңіліс пен жеңісті күндерде де құраманы қолдау қажет, — деді Азамат Айтхожин.