Елімізде жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарға АПВ-ға қарсы екпе егу басталды. Мұндай қаулыға бас санитар дәрігер Сархат Бейсенова қол қойды.
Қаыздардың жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ).
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысы бойынша, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинацияланады. Оған қоса 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.
Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін салынады. Ата-ананың қалауы бойынша, вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін, — делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті таратқан хабарламада.
Жатыр мойны обыры — Қазақстандағы барлық жастағы әйел арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себебі бойынша екінші орындағы қатерлі ісік. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа дерегі тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеген.
Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде тиімді әрі қауіпсіз екенін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ке төмендеген.