7-13 қыркүйек арасында Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының Бесшоқы ауылындағы №8 мектептің бірінші ауысымындағы 1-4-класс оқушылары сабақтан келген соң өзін жайсыз сезінген. Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл факті бойынша Ұлттық сараптама орталығының мамандары жоспардан тыс эпидемиологиялық тексеру жүргізген.
Тексеру барысында көптеген санитария нормасы бұзылғаны анықталып отыр. Зертханалық зерттеулер картоп пюресі, тауық еті котлеттері, соустар және компот сияқты дайын тағамдардың үлгісде патогендік бактериялардың бар екенін көрсетті. Сонымен қатар ас үй бетіндегі су шайындысының 20%-інен ішек бактериялары табылған.
Оған қоса мектеп асханасы қызметкерлерін бактериологиялық тексеру нәтижесінде алты қызметкерден стафилококк анықталды, оның ішінде бір медицина қызметкері мен жеке кәсіпкер де бар. Ыдыс жуушы және азық-түлік таратушы қызметін атқарған асхана жұмысшыларының бірі бактериялық дизентерияны тасымалдаушы болып, сол арқылы азық-түлік өнімдерін ластағаны анықталды.
Сонымен қатар төрт асхана қызметкері жалған медициналық тексеруден өткен. Бұл брйынша прокуратура мен облыстық ішкі істер департаментіне тиісті өтініш жолданды. Қазіргі уақытта санитария нормаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Осындай бұзылулар мектеп оқушылары арасында кластерлік бактериялық инфекциялық ішек ауруларының таралуына себеп болған.
Еске салайық, Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында бір мектептің жүздеген оқушысы астан уланған еді.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониториң жүргізеді.