Басты бетPushЖамбыл атындағы...

Жамбыл атындағы филармонияның маусымашар концерті өтті

Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясында Алматы күні қарсаңында жетекші солистердің қатысуымен маусымашар концерті өтті. Бұл туралы филармонияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Кештің әлқиссасы қара шаңырақта қызмет еткен қазақ өнерінің қаймағы Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев, Қали Жантілеуов, Мүсілім және Ришат Абдуллиндер, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, одан бері Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Майгүл Қазтуғанова есімдерін атап, төл өнердің тарихын шолуымен басталды.

Концерттің шымылдығы талғампаз стилімен музыка тарихында қалған, көрнекті итальяндық композитор Луиджи Боккеринидің виолончель мен фортепианоға арналған “Рондо” шығармасымен ашылды. Кеште филармонияның жетекші солистері Халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұса Керімбаев, Әділ Несіпбаев, Гүлжан Өзенбаева, Динара Базарбаева-Сахаман, Еркебұлан Сапарбаев және Аида Аюпова өнер көрсетті.

филармония, концерт
Фото: Жамбыл атындағы филармонияның баспасөз қызметі

Кезекті концерттік маусымды тыңдарманның сағынғаны сонша, солистер алғашқы шығарманы орындағанынан кейін-ақ ықылас гүлдерін ұсынып, ыстық қошеметке бөледі. Филармония солистері қазақ мәдениетінің тарихына даңқ әкеліп, дәстүрлі музыка мен ұлы классик композиторлардың музыкасын насихаттауы – филармония құрылғанына 89 жыл болған музыкалық саясаттың басты ұстанымы екенінің айқын дәлелі. Өнер ордасы сахнасында халық аспаптарымен орындалатын халық музыкасынан бастап үлкен симфониялық формаларға дейін түрлі жанрлар бар.

филармония, концерт, көрермен
Фото: Жамбыл атындағы филармонияның баспасөз қызметі

Күні кеше өткен кеш бағдарламасында ұлы классиктердің туындыларымен қатар, тарихымыздың мұңы мен қуанышының куәсі болған дәстүрлі қазақтың ән-күйімен жалғанды. Өнерпаздар Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, Мәдениет саласының үздігі Мақпал Қазыбекқызы, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Біржан Бәзілжан, Жанқожа Аяпов өнер көрсетті. Концертке қатысқандар тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.