Батыс Қазақстан облысында 28 миллион текше метр су жинайтын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарланып отыр.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазсушар» филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайыновтың айтуынша, бұл 12 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етуге және лиманды суару алаңын 12 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал ол мал шаруашылығына қажет жем-шөп өнімділігін арттырады.
«Биыл «Қазсушар» филиалы Батыс Қазақстан облысында 146 мың га лиман мен табиғи жайылымды суаруға 562 млн текше метр су жіберді, — деді Рауан Құсайынов.
Бүгінгі таңда мекеме тұтынушылармен су беру туралы 210 келісімшарт жасады, оның 197-і жергілікті шаруалар. Ауыл шаруашылығының қажеттіктері үшін кәсіпорын 15,8 миллион текше метр, ал санитарлық-экологиялық іс–шараларға 22,9 миллион текше метр су жіберді.
БҚО бойынша «Қазсушар» филиалы 13 гидротехникалық құрылысты жөндеп, Киров су қоймасын реконструкциялау жұмысын жүргізді. Сонымен қатар, Шаған өзені, Көшім магистральдық арнасы мен 67,6 шақырым каналды механикалық әдіспен тазалады, — деп түйіндеді «Қазсушар» өкілі.