Қазіргі буын өте белсенді өмір сүреді, олар бәріне үлгереді, өзін таныта біледі. Жылт еткен қабілетін құр жібермейді. Бүгінгі балалардың бұл қабілетіне әбден қызығып қарауға болады. Көпшілікке әлеуметтік желі арқылы әйгілі болып, қарым-қабілетінің арқасында өзін көрсете алып жүрген балалар қаншама. Бүгін оқырманға танымал блогер балаларды таныстырамыз.

Фудблогер Дулат Тантаев

Дулат Тантаев — 15 жастағы фудблогер. Ол өскенде әлемнің №1 бас аспазы болғысы келеді. Жас блогер әлеуметтік желідегі аккаунтына түрлі дәмді тамақ жасап салады. Видеода тағамдарды қалай жасауға болатынын айтып, көрсетіп отырады. Оған қоса құрамына қосатын ингредиенттер тізімін жазып кетеді. Жас блогер Алматыдағы мейрамханаларға шолу жасап, парақшасына жариялап отырады. Дулат тағамды қор қылмауға және ысырап етпеуге шақырады.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Дулат Тантаев(Юный Повар) (@yuniypovar)

Дулатқа Instagram-да 1,6 миллион аккаунт жазылған. Жас аспаз 11 жасынан бастап тамақ істеп, оны әлеуметтік желілерге жариялап отырған. Алғаш видео түсіре бастағанда жазылушысы болмаған еді. Өзі 0 жазылушымен бастадым дейді. Кейін трайфл десертін сатып, айфон алуға ақша жинаған екен.

Стористің сапасы нашар болса, аздап шыдай тұрыңыздар. Айфон алуға ақша жинай бастадым, — дейді Дулат бастапқы видеоларының бірінде.

Фудблогердің жазылмандары кейін 5000-ға артқан еді. Ал жарты жылдан кейін Дулатқа 15 мың аккаунт жазылған. Ол тәтті жасаудың шебері болу үшін өте көп торт пісіре береді. Мұны өзі де шеберлігімді арттыру үшін істедім дейді. Одан кейін екі жыл ішінде 100 мың жазылушы жиямын деп мақсат қойған екен. Ал влог бастағанына үш жыл толғанда жас аспазға жазылғандар саны 500 мыңға жеткен. Сол кезден бастап Дулатты мейрамханалар шақыра бастапты. Ірі-ірі жарнама агенттіктері хабарласқан. Сол кездері өмірінде алғаш рет шетелге шығып, үш елді аралап көрген. Бұл уақытта оған жазылған аккаунттар саны 1 миллионға жеткен еді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Дулат Тантаев(Юный Повар) (@yuniypovar)

Дулат Тантаев камера алдында тамақ пісіріп қана қоймай, қайырым жасап, көшеде қайыр тілеп отырғандарға ыстық тамақ тасиды. Ата-анасын тосыннан қуантқанды да жақсы көріп, сыйлық беріп тұрады. Әсіресе, әке-шешесіне арнап роматикалық кешкі ас жасап бергенді ұнатады.

Фудблогер 2020 жылы YouTube-тан да арна ашып, тамақ пен тәтті әзірлеген видлеоларын жүктеп отырған. Қазір оның арнасын 2,85 миллион адам тамашалайды. Видеосы көп қаралатындықтан, YouTube-тың күміс және алтын батырмаларын алған.

Бала сәнгер Інжу Сұлтан

Інжу Сұлтан — бала сәнгер, балет әртісі. Ол Instagram-аккаунтында макияж жасап танымал болған. Інжу Get ready with me айдарының балақайларға арналған нұсқасын да түсіреді. Бұл айдар бойынша, ол бетіне қалай макияж жасап жатқанын, содан кейін сыртқа шыққанға не кигеннін көрсетеді.

Інжу Сұлтан
Інжу Сұлтан. Фото жеке архивінен алынды

Бала модельдің қазір 160 мың жазылманы бар. Оның боянатынын қолдайтындар да, «бала болып ойнап қал» деп пікір жазатындар да табылады. Інжудің оқырмандарының көбі — өзі қатарлас қыздар және олардың ата-анасы. Желіге жүктеген әр фотосы мен видеосына үзбей пікір жазып, Інжуді қолдайтын оқырманы көп. Аккаунтты өзі емес, әпкесі Меруерт жүргізеді.

Інжу Balapan телеарнасына шығатын Dala bala мега-жобасының финалына дейін жеткен. Бұл бағдарлама елдің түкпір-түкпіріндегі талантты балаларды тауып, олардың өнері мен дарынын танытады. Жоба әр баланың дара екенін көрсетуге ұмтылады. Мега-жобаға елдің әр аумағынан шыққан нағыз үздіктер қатысады.

Dala bala-ға шығатын балалардың ішінде жас ғалымдар, көп тіл білетін полиглоттар, жүзден жүйрік спортшы балақайлар, бояуды мың құбылтатын суретшілер, вундеркинд балақайлар, әнді әуелететін жас әншілер, сәнгер және тігінші балалар қатысады. Бала күнінен айына күреп табыс тауып жүрген бала кәсіпкерлер де бар. Әр бағдарламаға үш бала шығып, өзінің дара екенін көрсетеді. Бағдарлама эфирге 2018 жылдан бастап шығып, екі жыл телеарнадан түспеген еді.

Інжудің Instagram-аккаунтын қалай жүргізетініне қарап, кішкентай beauty блогер дерсің. Кофеханаға, ағылшын тілі курсына, тіпті мектепке қалай киініп, шашын қалай жасап алғанын да көруге болады. Арасында беті мен шашына жағатын түрлі далап-майды қайдан алғанын да жазып отырады. Балалардың киімін сататын дүкендердің де жарнамасына түсетінін байқаймыз.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Meruyert N. (@inzhuka_sulltan)

Инсайт айтатын Имран Есенкелдин

Қиындыққа көп кезігіп жүрсіз бе? Оны қалай еңсеруді білмей, басыңыз қата ма? Депрессиядан шығар жол таппай кеттіңіз бе? Онда бала блогер Имранның ақыл-кеңесі сізге әбден қажет. Имран Instagram-аккаунтында күнделікті өмірден түсінген инстайтын айтып, қатарластарына ғана емес, ересектерге де ақыл береді. Оның рилстарын қарап отырсаң, бала емес, ақылы толысқан үлкен адам айтып жатқандай әсерде қаласың.

Имран Есенкелдин
Фото Имран Есенкелдиннің жеке архивінен алынды

Былайша айтқанда, бала блогер — қатарластарының ақылшысы. Телефонды өзіне қаратып алып, видеоны селфи стилінде түсіре береді. Демек, оның рилс жариялауына сырттан ешкімнің көмегі қажет емес.

Мысалы, мына кеңесін оқып көрелік: «10 жастағы өзімді көрсем, оған тек бір нәрсе айтар едім. Ойындардан, яғни телефондағы ойындардан бас тарт. Олардан бас тарту қиын екенін түсініп тұрмын. Көбісі бұл мүмкін емес, жоқ деп айтады. Бірақ барынша бас тартқан дұрыс. Себебі уақыт өте түсінгенім, сонша уақыт бойы ойнағандықтан, көптеген мүмкіндікті жіберіп алыппын. 10 жасымнан бастап дамып, жеке брендімді қалыптастыра бастасам, қазір 20 мың немесе 30 мың, 50 мың жазылман болуы мүмкін еді. Алайда қазір жеке брендпен ғана шектеліп жатқаным жоқ. Ойнауға кеткен сонша уақытыңнын құр болғанын әйтеуір бір күні түсінесің. Бұл рилс сенің бір-екі жыл ғұмырыңды сақтап қалуы мүмкін, олай болмауы да ғажап емес. Өмірің өз қолыңда».

Жас блогер табысты адамдардың үш валютасы болады дейді. Біріншісі — ақша, екіншісі — білім, үшіншісі — уақыт. Үшеуінің бірі жетпесе, қалған екеуін қолданып, үшіншісіне жетуге болатынын айтады. Сонда білім+уақыт=ақша, уақыт+ақша=білім, ақша+білім=уақыт деген формула шығады екен.

Имранға жазылғандар саны — әзірше 14,4 мың аккаунт. Салынған посты да көп емес — 15 пост. Алайда мына қарқынмен әлі талай адамды аузына қаратайын деп тұр. Имран өзін блогер әрі инсайт айтушы деп санайды. Түсінген инстайты мен ойларын айтып жүрмін деп біледі. «Білмегеніңді кісіден сұра, кісі болмаса, кішіден сұра» деген осы емес пе?!

Актер Расул Бауыржан

Расул — актер әрі әзілкеш, вайнер. Ол кішкентай кезінен түрлі қазақша сериалға түсе бастаған. Көрермен Расулды қалжыңға толы «Күлдір-бүлдір» сериалы арқылы және «Расулдың хикаялары» арқылы жақсы таниды. Бала блогер кішкентай кезінен-ақ әйгілі болып кеткен деуге болады. Өзі — бұрынғы жайдарманшы Ғалым Махамбеттің ұлы. Олар отбасымен бірге әлеуметтік желіде аса белсенді. Расулға Instagram-да қазір 572 мың аккаунт жазылған.

Расул Ғалымұлы
Фото Расулдың жеке архивінен алынды

Расул өзін әкесінің баласы деп атайды әрі өзінен кейінгі бауырларын бағатындықтан, өзін «Няня man» деп те қалжыңдап жүр. Блогердің Yotube-та TV Rasul show деген арнасы бар, оған 155 адам жазылған. Әкесі Ғалым Махамбет бала-шағасымен бірге «Семейка Ғалым S» деген сериалын шығарған. Сериал Расулдың арнасына жарияланып тұрады. Онда Ғалым Махамбеттің отбасы ойнайды.

Расул бас рөлді сомдайды. Оның небір қалжың сөздерін естігенде, сол сахнаның сценариін өзі жазған ба дерсің. Өйткені Расул бұдан да кішкентай күнінен-ақ тіпті ересек адамның басына келмейтін небір қалжың әңгімелер айтатын. Мысалы, сериалдың бірінші сериясында Расул фильмдегі әкесіне былай дейді: «Әке, сен менің орныма сабаққа бар да, мен жұмысқа барайын да. Өзің жаңадан өмір бастағым келеді деп айттың ғой. Менің өмірімді алсаңшы. Өмір сүргеніме тоғыз-ақ жыл болды. Жап-жаңа деуге болады, дым кінәсі жоқ. Тәртіп жағын өзің реттеп аларсың енді». Бұл жай ғана мәтін болғанымен, оны Расул оқығанда, бір жымиып, баланың талантына сүйсініп қаласың.

Расулдың вайн түсіретініне оралайық. Ол Instagram-аккаунтында отбасындағы түрлі қызықты қалжың етіп түсіреді. Әсіресе, аналар айтатынды әзілге айналдырып, артынан аналардыкі дұрыс екенін түсінеді. Оның бауырларымен түсіретін вайны да қызық. Бауырлардың әдеттегі қарым-қатынасына қалжың қосып көрсетеді. Ал әкесінің де үйдегі үш ұл сияқты бала болып кететіні жазылмандарды күлдіретіні анық.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Бауыржан Расул Ғалымұлы (@rasul_show_)

Расул мен әкесі Instagram-да Balalove деген инстасериал түсіріп, жариялап отырды. Бұл минисериал болғандықтан, бас-аяғы осы әлеуметтік желі форматына арналған алты серия түсірілген. Сюжет бойынша, бас рөлді сомдайтын Расул өтпелі кезең уақытына жетеді. Жасөспірім көршінің қызына ғашық болып қалады. Бұл оның алғашқы махаббаты еді. «Мұндай сұлуды бұрын қалай байқамағам?!» деп аң-таң болатыны да бар. Сұлудың жүрегін жаулаудың жолын іздейді. Досынан қыздың жайын сұраса, ол қыз көбіне үйінен шықпай, арбада отыратын Дәурен деген інісін бағады екен. Расул қанша қиналса да, жақсы көретін қыздың інісіне қарауға көмектесіп, онымен достасып кетеді. Қыз жүрегіне жол табудың төте жолы осы деп ойлайды.

Сериалдың соңғы сериясы 30 мамырда шыққан. Balalove-ты Расулдың аккаунтынан көруге болады.

Актриса Аяна Бауыржанқызы

Аяна — вайнер және актриса. Оны көпшілік Instagram-аккаунтындағы аты Аека деп таниды. Бала вайнерге әуел бастан жазылған адам оның белсенді, бір орында отырмайтын бала екенін біледі. Оған қоса сөзден тосылмайтын, қашан да, қай жерде болса да сөз табатын бала дейміз. Ата-анасы Аеканың мұндай қасиеттерін өнер жолына бағыттап жіберген. Қазір бала актриса фильмдерге түсіп жүр.

Аекаға 308 мың аккаунт тіркелген. Көбіне анасымен немесе ағасымен әңгімесі салынып отырады. Оның бәрін жариялайтын анасы, түсіретін да сол. Өйткені Аеканың парақшасын анасы жүргізеді. Аеканың тілінің бізі бар, бірақ шындықты айтады. Мысалы, мына видеода анасына жыл сайын туа бермей, денсаулыққа қарау керек екенін айтып отыр. Былай дейді: «Құдайдың бергені деп жыл сайын туа бересіз бе? Саған серік туып берем деп айтасыз, онысы да ұл болып шықты ғой, қасқа. Негізі маған серік аса керек емес. Неге екенін айтайын ба? Өйткені менің өзім 10 қызға татимын. Құрсын, шүкірсіз ғой, үш бала бар. Анамыз бақытты, дені сау әрі әдемі болып жүргенін қалаймын. Алматыға көшіп барғанда төрт баламен бізге пәтерді жалға бермейді ғой. Осы баланы аман-сау туып алған соң, болды қоя салшы». Кіп-кішкентай қыздан мынадай ересектің әңгімесін естимін деп ойламайтынымыз анық.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Аёка💕 (@crazy_aeka)

Қазір Аеканы фильм мен сериалға түсуге жиі шақырады. Өзі де кастингіден қалмайды. Жақында Balapan телеарнасында көрсетілетін «Гипербала» сериалына түскен. Сериалдың тақырыбы өзіне сай келіп-ақ тұр. Бала әртіс екі жыл бұрын алғаш рет «Талақ» деген фильмге түскен еді. Ол кезде Аека жеті жаста болатын. Бұған дейін фильмге түсіп көрмеген, еш тәжірибесі жоқ қызды фильмнің режиссеры Данияр Саламат сонша баланың ішінен таңдап алған екен. Фильм жазушы Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» шығармалары желісі бойынша түсірілген. Сюжет XX ғасырдың 20-30-жылдары елді күштеп колхоздандыру және соның салдары жайлы. Фильмде сол замандағы қазақ халқының тұрмыс мәдениетіндегі өзекті мәселелер және әйел тағдыры көрсетіледі.

Жақында Аяна түскен «Талақ» фильмі Қытайдағы «Шанхай» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін алды. «Талақ» әлемнің үздік 14 фильмін басып озып, кинофестивальдің «Алтын кубок» номинациясын жеңіал алған. Бұл фестиваль — әлемдегі «А» класына жататын 10 фестивальдің бірі.

Аяна фильмге үздіксіз түсіп жүр. Түсірілім болмайтын күнді демалыс санайтын болған. Жақында ол түскен «Ұялам, бірақ үй алам» деген фильм прокатқа шықты.