Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-парақшасында жаңадан ашылған шығармашылық хаб туралы айтты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
«Елордада алғашқы ірі шығармашылық хаб («Мирный дом» тұрғын үй кешенінде орналасқан) ашылды. «ÓzgeEpic» хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда қонақтарға заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, сонымен қатар заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Сонымен бірге хаб аумағында қазақстандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар.
Мемлекет басшысы креативті экономика – талантты, шығармашыл адамдарды қызықтыратын ірі қалалардың дамуының қозғаушы күші екенін атап өтті.
Астанадағы креативті хабтың мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, сонымен қатар дарынды және интеллектуалды жастарды қолдау әрі тәлімгерлік ету. Хаб шығармашылық нарыққа жүздеген маманды қосуға ықпал етеді», – деп жазды елорда әкімі.